Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнетақы жинағының көмегімен сатып алынған қандай үйді 5 жыл ішінде сатуға болады

Опубликовано:

Үй
Көрнекі фото: piqsels.com

Егер сіз банктен қарысыз тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинағын пайдаланған болсаңыз, онда үйді кез келген уақытта қайта сатып жіберуге болады. Ал ипотекаға сатып алынған үйлерді сатуға қатысты бірқатар шектеулер бар. Толығырақ Нурфин материалынан оқыңыз.

"Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып меншікке алынған жылжымайтын мүлікті бес жыл бойына сатуға жол берілмейді" - делінген тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесінде.

Ереженің 11-тармағында бұл норма өтеу мерзімі 5 жылдан асатын және өтелмеген қарызы бар ипотекалық тұрғын үй заемдарына ғана қатысты қолданылатындығы көрсетілген.

Десе де біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып алынған ипотекадағы үйді сатуға мүмкіндік беретін екі жағдай бар. Біріншісінде, бір реттік зейнетақы төлемінен жұмсалған соманы қайтарған жағдайда бес жыл уақыт өтпестен, ипотекадағы үйді сатуға мүмкіндік беріледі.

Екіншісінде, ипотекадағы мүлікті сату сот шешімі бойынша мүмкін екендігі сөз етілген.

Зейнетақы жинағын пайдалана отырып сатып алынған қандай үйді бірден сатуға болады

Егер сіз зейнетақы жинағын пайдалана отырып өзіңіз жинаған ақшаға үйді ипотекасыз, яғни толық сатып алған болсаңыз, онда ешқандай шектеусіз үйіңізді кез келген уақытта қайта сатып жібере аласыз. Егер сіз бұрын алынған ипотеканы зейнетақы жинақтары есебінен ішінара немесе толық өтеген болсаңыз, ондай үйді сатуға да шектеу жоқ.

Одан бөлек, зейнетақы жинағы пайдаланылмастан ипотекаға алынған үйлерді қайта сатуға шектеу қойылмайды.

Сонымен қатар қарызды жабу мерзімі бес жылға дейінгі уақытқа рәсімделген қысқамерзімді ипотекаларға зейнетақы жинағын алғашқы жарна ретінде пайдаланған жағдайда да үйді бес жыл өтпей жатып сатуға болады.

Қандай үйді сатуға болмайды

Егер ипотека ұзақ мерзімге берілсе, онда шектеулер бар. Яғни, егер бір реттік зейнетақы төлемін алушы оны ұзақмерзімді ипотеканың алғашқы жарнасына жұмсаған болса (стандартты мерзім - 25 жылға дейін), демек алғаннан кейінгі алғашқы бес жылда ол үйін сата алмайды.

Десе де бұл шектеуді алып тастау мүмкіндіктері бар. Мәселен, БЖЗҚ-дан алған бір реттік зейнетақы төлемін шотқа қайтаратын болсаңыз, үйді бес жылға дейін сатуға қойылатын шектеу алынып тасталады.

Яғни, шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда, сіз тұрғын үйді сатып, ақшаны БЖЗҚ-ға қайтара аласыз. Егер жеткіліктілік шегі мүмкіндік берсе, онда зейнетақы жинағындағы ақшаны қайтадан сұрауға болады, мысалы, ипотекасыз үй сатып алу үшін.

Сонымен бірге ипотекадағы үйді банктің өзі сата алады. Бұған үйдің иесі ипотеканы төлемеуі және соттың банк пайдасына шешім шығаруы негіз болуы мүмкін.

Қай туысыңыздан зейнетақы жинағындағы соманы пайдалана отырып, баспана сатып алуға тыйым салынады

Сонымен қатар сіз өзіңіздің жұбайыңыздан немесе жақын туыстарыңыздан жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану арқылы тұрғын үй сатып ала алмайтыныңызды айта кету керек.

Ондай туыстарға келесілер жатады: ата-аналар, балалар, асырап алушылар және асырап алынған балалар, толық және жартылай туыс болып келетін ағайындылар мен апалы-сіңлілер, аталар, әжелер және немерелер. Өзге алыс туыстардан зейнетақы жинағын пайдалана отырып үй сатып алуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1900084-zeinetaqy-zinagynyn-komegimen-satyp-alyngan-qandai-uidi-5-zyl-isinde-satuga-bolady/

pixel