RU

Егер біржолғы зейнетақы төлемі пайдаланылмаса, не болады

42500
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Қалиев

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалануға мүмкіндігі бар. Алайда кейде белгіленген уақытта өтініш беруші құжаттарын тапсырып үлгермей, біржолғы зейнетақы төлемін пайдалана алмай қалуы мүмкін. БЖЗҚ-ның мәліметінше, мұндай жағдайда қаржы зейнетақы шотына қайтарылуы тиіс.

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап БЖЗҚ уәкілетті оператор болып белгіленген банктерде ашылған салымшылардың арнайы шоттарына біржолғы зейнетақы төлемдерін аудара бастады.

Біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператор – "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-дағы арнайы шотқа түскеннен кейін алушы 45 жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды ұсынады.

Егер уәкілетті операторға растаушы құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, бұл қаражат салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуы тиіс.

Сонымен қатар салымшы өзі сұратқан соманы БЖЗҚ уәкілетті оператордағы арнайы шотқа аударғаннан кейін бұл қаражаттың 45 жұмыс күні ішінде инвестициялық басқарудан алынатынына, демек оған инвестициялық табыстың есептелмейтініне назар аудару керек.

Мәселен салымшы 5,5 млн теңге мөлшеріндегі қаржысын шешіп алды делік. Онда салымшы шамамен 100 теңге инвестициялық табыстан айырылады.

Бұдан басқа, арнайы шотқа аударылған зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейін ескере отырып, олардың сақталуы бойынша мемлекеттің заңда көзделген кепілдігі қолданылмайды. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларынан салымшы таңдаған және оның өтінішінде көрсетілген тәсілге сәйкес жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу және ұстап қалу жүргізіледі.

Сондықтан ведомство БЖЗҚ-ға қаражатты қайтару, инвестициялық табыс пен мемлекет кепілдігін жоғалту, ЖТС-ты мерзімінен бұрын есептеу жағдайларын болдырмау үшін салымшыларға біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануды жауапкершілікпен әрі мұқият жоспарлауды ұсынады.

Зейнетақы жинақтарының мақсатты пайдаланылуын растау үшін қажетті құжаттардың тізімін өтінім бергенге дейін мұқият зерделеп, оларды уәкілетті операторға уақытылы ұсынуды қамтамасыз еткен жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1900902-eger-birzolgy-zeinetaqy-tolemi-paidalanylmasa-ne-bolady/