Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда шілдеден бастап кімдердің жалақысы 150 пайызға дейін өседі

Жарияланған күні:

Ақша
Көрнекі сурет: NUR.KZ

Қазақстанда биыл шілдеден бастап мемлекеттік қызметшілердің жалақысын 30 пайыздан 150 пайызға дейін көтеру жоспарланып отыр. Әсіресе, ауыл мен аудандарда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы айтарлықтай өспек. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Жарқын Тілеукенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жазда мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл тұрғыда лауазымның дәрежесі емес, қызметтің маңыздылығы мен рөлі ескеріледі.

Қазіргі кезде ұлттық экономика министрлігінің мамандары мемлекеттік қызметшілердің саны мен факторлық-балдық шкаланы ескеріп, тиісті есеп-қисапты жасап жатыр. Алдын ала есепке сәйкес, жалақы 30 пайыздан 150 пайызға дейін көтеріледі.

"Бүгінде еңбекақы төлеу жүйесінде жалақының көлемі жағынан орталық пен аудандардың арасында диспропорция бар. Ол орташа есеппен 70 пайызды құрайды. Еңбекақы кестесі лауазымдар иерархиясына негізделген. Сол себепті төменгі деңгейде жұмыс істейтіндер аз ақша алады. Ал мемлекеттік органның дәрежесі жоғары болған сайын еңбекақы да көбейеді", - дейді Тілеукенов.

Департамент директорының сөзіне сенсек, жаңа жүйеде иерархия көп ескерілмейді. Оған сәйкес, алдымен лауазымның мазмұнына, қызметтің қаншалықты қиын болғанына мән беріледі. Оны тиімді орындауға қажетті қарым-қабілетке де назар аударылады.

"Сосын жаңа жүйе аясында қызметкердің өкілеттілік аясы мен жауапкершілігі ескеріледі. Осылайша, қазіргі диспропорция 70%-дан 10%-ға дейін төмендейді. Ал ауылдар мен аудандарда жалақының өскендігі сезіледі. Орталықта еңбекақы қатты өспейді", - дейді Тілеукенов.

Ол ауылда істейтін маманның қазіргі орташа жалақысын да мысалға келтірді. 9-11 жылдық еңбек өтілі бар қызметкер айына шамамен 89 мың теңге алады екен.

"Барлық төлемді шегеріп тастаса, қолға одан да аз алады. Біз шілде айына дейін тиісті жұмысты аяқтап, сол уақыттан бастап жаңа жүйені енгізуіміз керек", - дейді департамент директоры.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1904059-qazaqstanda-sildeden-bastap-kimderdin-zalaqysy-150-paiyzga-deiin-osedi/