Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қосымшаны орнатыңыз": Алаяқтар кодсыз және құпиясөзсіз ақшаны қалай қолды қылуда

Опубликовано:

Алаяқ1
Көрнекі фото: piqsels.com

Өз атына әлдебіреу несие рәсімдегеніне сеніп, және одан құтылу үшін тағы бір несие алып, қаражатты өзгенің шотына салу керек деген алаяқтардың сөзіне ерген қазақстандықтардың бірталайы олардың құрған тұзағына түсіп жатқаны белгілі. Бұл алдаудың кең таралған және көпке белгілі әдісі, десе де алаяқтар өзге де әдістерді қолдануға көшкен деп хабарлайды NUR.KZ.

Құпиясөздер мен кодтарды өзгеге айтуға болмайтынын, банк қызметкерлері ондай ақпаратты сұрамайтынын жақсы білетін көптеген ел тұрғыны қоңырау шалатын алаяқтардың сөзіне сенуді қойған.

Десе де әккі алаяқтар адамдарды өз тұзағына түсірудің өзге жолдарын қолдануға көшкен. Мәселен, қандай да бір ақпаратты берудің қажеті жоқтығын алға тартып, сеніміне кіру әдісі. Оның орнына алаяқтар қосымшаны орнатуды ұсынады. Ал бұл өз алдына оларға ақшаны қолды қылуға мүмкіндік тудырады.

Бәрі өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтың қоңырауынан басталады. Ол клиент шотында күдікті әрекеттер байқалып жатқанын мәлімдеп, белгілі бір қаражат аударылғанын және жеке кабинетке бұзып кіру жағдайы орын алғанын айтады.

Мысалы, клиент шотынан ешқандай аударымды көріп тұрмағанын алға тартса да, алаяқ "банкте транзакция көрініп тұрғанын", ал клиент оны тек біршама уақыттан кейін көре алатынын айтып, сөзіне сендіреді. Әдетте алаяқтар өз құрбанының сеніміне кіру үшін барын салады.

Содан кейін қобалжып тұрған клиентті оған көмектесе алатынына, тек ол үшін қауіпсіздікті нығайтуға көмектесетін қосымшаны орнату керектігіне сендіреді. Ал шын мәнінде қосымша смартфонға немесе кез келген өзге құралға қашықтан кіруге мүмкіндік беретін бағдарлама болып табылады.

Айта кетсек, мұндай бағдарлама заңсыз деп танылмайды және әдетте бағдарламашылар мен жүйелік әкімшілер оны қолданушы жіберген белгілі бір қателіктерді түзеу үшін қолданады.

Алаяқтар банк клиентіне бұл қосымша қашықтан кіріп, оларға көмектесуге бағытталған бағдарлама немесе "арнайы антивирус" екендігін айтуы мүмкін. Оның үстіне, алаяқтар бағдарламаны жүктеуге мүмкіндік беретін сілтемені клиентке өздері де жіберуі ғажап емес.

Қосымша орнатылғаннан кейін алаяқтар оп-оңай телефондағы барлық ақпаратқа, оның ішінде интернет-банкингке қол жеткізіп жатады. Сәйкесінше, олар клиенттің телефонына кіру мүмкіндігіне ие болып, оның шотына да қол сұғады. Бұл орайда қолданушы қосымшаны жүктеу арқылы алаяқтарға өз телефонына кіру мүмкіндігін өзі беріп қойып жататынын ескерген жөн. Қосымша жүктелгеннен кейін алаяқ еш қиналмастан қолданушының картасындағы қаражатты қолды қылады.

Мұндай алаяқтыққа тап болмаудың ең дұрыс жолы - қоңырау шалушымен әңгімелесуді дереу тоқтату. Қоңырау шалушы кез келген нөмірден, тіпті банктің колл-орталығының нөмірімен дәлме-дәл келетін нөмірден қоңырау шала алатынын айта кеткен жөн. Біз бұған дейін алаяқтардың SIP-телефония арқылы нөмірді ауыстырып көрсететінін және осылайша қазақстандықтарды алдап соғып жатқанын жазған едік.

Қоңырау шалушының нөмірі сізге еш күдік тудырмаса да, тұтқаны қойған дұрыс. Сіздің қаражатыңызға ешкім тиіспегеніне көз жеткізу үшін банкке өзіңіз қоңырау шалғаныңыз абзал - банк нөмірін әдетте картаның арғы бетінен немесе қаржы ұйымының сайтынан табуға болады.

Бағдарламалық жасақтаманы әлдебіреудің өтінішімен жүктемегеніңіз дұрыс. Қандай бағдарлама немесе қосымша болмасын, оны өзгенің нұсқауымен жүктемеу керек.

Одан бөлек, барлық құпия ақпарат, PIN-код, SMS коды, карта реквизиттері және басқа да ақапарт өзгеге жария болмауы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1905492-qosymsany-ornatynyz-alayaqtar-kodsyz-zane-qupiyasozsiz-aqsany-qalai-qoldy-qyluda/

pixel