Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде зейнетақы жинағына қатысты жаңа өзгеріс күшіне енді

Жарияланған күні:

Зейнеткер
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанда 1 мамырдан бастап ерікті зейнетақы жарналарын мерзімінен бұрын алатындар тізімі кеңейді. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады деп жазады Sputnik Қазақстан.

Айта кетейік, ерікті зейнетақы жарнасы – салымшылардың өз бастамасымен зейнетақы қорындағы шотына аударатын ақшасы.

Тиісті заңға сәйкес, ерікті зейнетақы жарнасын мерзімінен бұрын алуға рұқсат етілетін адамдар санаты келесідегідей:

  • елу жасқа толғандар;
  • мүгедектер;
  • Қазақстан шегінен тысқары жерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (кету ниетiн немесе фактісін растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда);
  • БЖЗҚ-да және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомасы шегінде кемінде 5 жыл зейнетақы жинағы бар адамдар.

Басылым дерегінше, соңғы санат тізімге осы жылы мамыр айында ғана енген.

Осылайша, қорға ерікті зейнетақы жарналарын кем дегенде бес жыл аударған азаматтар шоттағы ақшасын мерзімінен бұрын алуға құқылы болып табылады.

Мысалы, егер салымшы ерікті зейнетақы жарнасына жиырма немесе отыз жастан бастап аударса, жиырма бес немесе отыз бес жасқа толған кезде өзінің алғашқы төлемін алады.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың бірінші мамырынан бастап ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін шоттар автоматты түрде ашылады. Жеке зейнетақы шоттарын ашуға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы негіз болмақ. Яғни салымшыға кеңсеге барудың керегі шамалы.

Ерікті зейнетақы жарналарын жеке тұлға өзі үшін, жеке немесе заңды тұлғалар басқа біреу үшін аудара алады. Бұл тұрғында жарна мөлшері мен мерзімділігін салымшының өзі айқындайды.

Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейдегі банктер немесе Қазпошта арқылы аудару қарастырылған. Кейбір қаржы ұйымдарында зейнетақы жарнасын онлайн (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары) аудару мүмкіндігі ойластырылған.

Бұлардан басқа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, өз пайдасына ерікті зейнетақы жарнасын тұрақты аударып тұру үшін жұмыс берушінің атына өтініш жазуға да болады. Соның негізінде жұмыс беруші жарнаны өтініш иесінің не үшінші тұлғаның шотына тұрақты түрде аударып отырмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1914286-elimizde-zeinetaqy-zinagyna-qatysty-zana-ozgeris-kusine-endi/