Елімізде үй бағасы арзандай ма: Сарапшы болжамы
Жарияланған күні:
Бүгінде елімізде баспана жағдайын жақсартуды көздеп жүрген не болмаса жаңа пәтер сатып алмақ ниеттегі азаматтарды баспана бағасы алаңдатып отырғаны құпия емес. Осы орайда "үй бағасы арзандай ма" деген көпшілікті толғандырған сауалға Қазақстан Риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко жауап беруге тырысты деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Маманның атап өтуінше, Қазақстан азаматтарына зейнетақы жинағының шекті мөлшерінен асатын бөлігін алуға рұқсат берілгеннен кейін қаңтар айының соңынан бастап жылжымайтын мүлік нарығындағы сұраныс күрт артқан. Нәтижесінде қайталама және алғашқы нарықтағы баспаналардың бағасы көтерілді.
Десе де Нина Лукьяненко нарықтағы жағдай алаңдаушылық тудырмайтынын алға тартуда.
"2021 жылдың сәуірінде мамырға қарағанда абаттандырылған баспананы қайта сату бағасы 1,7, ал жаңа тұрғын үйлердің құны 0,8 пайызға ғана қымбаттады. Ал наурызда ақпанға қарағанда абаттандырылған пәтерді қайта сату құны 2, жаңа баспана 0,5 пайызға ғана көтерілді. Демек, баға өсімінің қарқынына қарайтын болсақ, нарықтағы жағдай алаңдатарлықтай емес. Яғни, инфляция өсімі қарқынына, теңге бағамының ауытқуына және өзге де жайттарға сай келетіндігін байқауға болады", - деді қауымдастық президентінің кеңесшісі.
Сарапшының пікірінше, қазіргі уақытта баспана нарығындағы дүрлікпе басылды және біртіндеп теңгерімді қалыпқа түсіп келе жатыр.
"Әлемде де шаршы метрдің бағасына қатысты тұрақтылық жоқ. Оған алуан түрлі факторлар тікелей әсер етендігі белгілі. Толықтай алғанда, шаршы метр бағасының өзгеру үрдісін саралаған кезде олардың ұзақмерзімді кезеңдегі, кемінде 1 жылдағы динамикасын зерделеу қажет. Бұған қоса, нарықтағы айтарлықтай ауытқу соңғы 2,3 жылда болмағанын да атап өткен жөн. Шамалы өсумен қатар құлдырау да болды. Дегенмен, оған әсер еткен факторлар барлығында да түсінікті еді.
Пандемия және соның салдарынан жүріп-тұруға енгізілген шектеулер мәмілелер санының кемуіне және бұл жайт бағаның төмендеуіне алып келді. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жинақталған қаражаттың бір бөлігін алуға рұқсат беру тұрғындардың сатып алу сұранысын арттырып, баға өсіміне түрткі болды", - деді Нина Лукьяненко.
Маман құрылыс материалдарының қымбаттауы да соңғы өнім құнының артуына ықпал ететіндігін баса айтты.
"Дәл қазіргі кезеңде бағаның төмендеуіне ешқандай алғышарт жоқ. Осы орайда сатып алушыларға барынша қызықты ұсыныстарды іздеп, жылжымайтын мүлік сатып алуды жеңілдететін барлық тетікті, яғни ипотекалық займның қолжетімді нұсқаларын, құрылысшылардан бөліп төлеу мүмкіндігін, акцияларды қарастыруға кеңес берер едім", - деді ол.
Оның атап өтуінше, соңғы бірнеше жыл бойы еліміздің жылжымайтын мүлік нарығында баға алыпсатарлығы жоқ.
"Өз шығындарыңызды қарап көріңіздерші. Барлық затқа баға өсіп жатыр. Отбасылық шығын да артып келеді. Бұл теңгенің сатып алу қабілетінің төмендегендігін, инфляцияның орын алғандығын және басқа да жайттарды білдіреді. Сұраныстағы алыпсатарлық барлық уақытта бағаның стандарттан тыс өсімі факторын білдіреді және осы өсімнен біреулер пайда табады. Зейнетақы қорында жинақталған қаражаттың бөлігін алу аясында мәмілелер саны артып, бұл бағаның өсуіне қатты әсер етті. Тіпті, біреулер қайтадан сатып жіберу үшін зейнетақы қаржысына пәтер сатып алғанымен ақшаларын тек қана қолма-қол қаражатқа айналдыра алады. Бірақ, оның бұл процедурадан пайда табуы неғайбыл", - деді Нина Лукьяненко.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1916429-elimizde-ui-bagasy-arzandai-ma-sarapsy-bolzamy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.