Кімдерге тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі
Жарияланған күні:
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша қазақстандықтар кез келген медициналық мекемеде стоматологиялық қызметті ала алады. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тлеухан Әбілдаев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап стоматологиялық қызмет ақысын төлеу схемасы өзгерді. Бұрын қызмет ақысы консультативтік-диагностикалық қызмет көрсететін клиникаға тікелей аударылатын болса, биылдан бастап емханалар арқылы төленеді. Ол үшін емдеу ұйымдары арасында қосымша келісімшарт бекітіледі.
"Сақтандыру енгізілгенге дейін стоматологиялық көмек тек пациенттің тіркелген емханасы арқылы ғана көрсетілетін. Жаңа жүйенің арқасында аталған санаттағы азаматтар бұл қызметті еліміздің кез келген жерінде пайдалана алады", - деді Тлеухан Әбілдаев.
МСҚ қалалық филиалы мәліметіне сүйенсек, азаматтардың жекелеген санаттары, дәлірек айтқанда, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер амбулатория деңгейіндегі стоматологиялық көмекті сақтандыру пакеті арқылы ала алады.
Олар: тісті жансыздандыру, пломба салу, терапевтің қабылдауы, пульпит пен периодонтитті емдеу, гипоплазия мен флюороз салдарынан анатомиялық пішіні бұзылған тісті толық қалпына келтіру сынды тағы да басқа қызметтерді пайдалана алады.
Сонымен қатар, тісті жұлдыру, тіл мен ерін жүгеншігіндегі ақауды жою, жақты рентгенге түсіру, анестезия сынды қызметтер де осы пакет шеңберінде көрсетіледі.
Ал, шұғыл стоматологиялық көмек бұрынғыша мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қалдырылды.
Шұғыл көмекке: 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, 1,2,3 топтағы мүгедектер, "Алтын алқа", "Күміс алқа" иеленген көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасына қарай зейнетке шыққан зейнеткерлер, жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққан пациенттер жүгіне алады.
Мысалы, хирургтің қабылдауы, тісті жұлу, абсцесті ашып тазарту, одонтегенді ісікті кесіп алып тастау, альвеолитті емдеу, тіс тамыры невритін емдеу, ауыз қуысындағы жұмсақ тіндерді кесіп алып тастау, жақ-бет сүйегіндегі жараларды емдеу тағы басқа қызметтер тегін көрсетіледі.
Сондай-ақ, жақ-бет сүйегі ақауымен туған нәрестелерге арналған ортодонтиялық көмек түрлері де мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1916668-kimderge-tegin-stomatologiyalyq-komek-korsetiledi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.