RU

Сарапшы: Жыл соңына қарай доллар 450 теңгеге дейін көтеріледі

теңге мен доллар 1
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қазақстандық экономистер жыл соңына қарай доллар 450 теңгеге дейін қымбаттайды деп болжап отыр. Мамандар мұнай бағасының өскеніне қарамастан, ұлттық валютаның нығаюы неғайбыл екендігіне сенімді.

Бұл туралы "Астана" телеарнасына берген сұқбатында экономист Арман Байғанов мәлімдеді. Сарапшының пікірінше, инфляцияның шарықтауы салдарынан доллар жыл соңына қарай 450 теңгеге дейін көтерілмек.

"Қазақстандағы инфляция деңгейі 8 бен 10 пайыз аралығында екенін ескере отырып, мен жыл бойы теңге 5-6 пайызға дейін құнсызданады деп болжап отырмын. Сәйкесінше, жыл соңына қарай теңгенің бір америкалық долларға шаққандағы құны 440-450 аралығында тұрақтауы мүмкін", - дейді Байғанов.

Айта кетейік, KASE порталындағы деректерге сәйкес, 1 шілдедегі доллар құны 427,3 теңге болып тұр. Маусым айының соңында мұнай бағасы 75 долларға дейін көтерілген. Бұл - 2019 жылғы сәуір айынан бергі ең жақсы көрсеткіш. Десек те, мұнай бағасының көтерілгеніне қарамастан, теңге нығая қойған жоқ.

Ұлттық банк жағдайдың неге бұлай болып отырғанына жауап берді.

Қаржы реттеуішінің түсіндіруінше, бұған коронавирустың белең алуы, зейнетақы жинақтарын шешіп алу және кейінге қалдырылған импорт секілді бірнеше ішкі фактор әсер етіп отыр. Валюта айырбастау орындарындағы долларға деген сұраныстың да артуы жағдайды күрделендіре түскен көрінеді.

"Валюта сатылымдарының негізгі көзі экспорттаушы компаниялар мен бюджет трансфертінің орындалуы үшін жасалатын Ұлттық қор активтерінің конвертациясы болып отыр. Бұл факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігіне әсер етеді.
Шетел валютасына деген қазіргі сұраныстың артуы мұнай бағасы өссе де, теңгенің нығаюына мүмкіндік бермей отыр", - дейді Ұлттық банктің ақша-несие операциялар мен алтын-валюта активтер басқармасының басшысы Мұхтар Орман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1920405-sarapsy-zyl-sonyna-qarai-dollar-450-tengege-deiin-koteriledi/