Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда баспана сатып алу үшін 1,5 миллион теңгелік сертификатты қалай алуға болады

Жарияланған күні:

Баспана
Көрнекі сурет: pexels.com

Кейбір қазақстандықтар мемлекеттен қайтарымсыз сертификат алып, сол арқылы ипотекасының бір бөлігіне немесе оған қажетті бастапқы жарнасына қаражатты құя алады. Нурфин журналистері мұндай сертификаттарға кім және қалай ие бола алатынын анықтап көрді.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығының хабарлауынша, бір миллион теңгелік қайтарымсыз тұрғын үй сертификатын беру үшін мегаполис бюджетінен екі миллиард теңге бөлінген.

Тұрғын үй сертификаты "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Шаңырақ" және "Бақытты отбасы" бағыттары бойынша тегін әрі қайтарымсыз негізде 1 млн тг мөлшерінде әлеуметтік көмек түрінде беріледі.

Сертификатты кім ала алады

Мұндай сертификаттарды әкімдік кезегінде тұрған әрі келесі санаттарға енетін тұрғындар ала алады: І және ІІ топтағы мүгедектер; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; көпбалалы отбасылар.

Сонымен бірге, өтініш берушінің немесе отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы кірісі айына 106 336 теңгеден аспауы қажет.

Қандай құжаттарды қайда тапсыру керек

Тұрғын үй сертификаттарын беру үшін өтініштерді қабылдау 2 шілдеде басталды.

Сертификат алу үшін „Отбасы банкте“ алдын ала төлем қабілеттіліктен өткен азаматтар Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасына жүгінеді. Үш жұмыс күні ішінде құжаттардың дұрыстығы мен мәртебеңіздің сертификат беру шарттарына сәйкестігі тексеріледі.

Қажетті құжаттар тізімі:

- нысан бойынша өтініш;

- өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;

- соңғы 6 айдағы табысы туралы анықтама;

- жұмыс орнынан анықтама;

- Банктен тұрғын үй заемын беруді мақұлдаған хат.

Яғни, банкке жүгініп, жеңілдетілген несиені мақұлдау туралы өтінішке оң жауап алғаннан кейін сертификат алуға өтініш беруіңіз керек. Банк қызметкерлеріне тұрғын үй сертификатын алғашқы жарнаға жұмсауға ниетті екеніңізді хабарлауыңыз қажет.

Осы жолы сертификат тек 2000 алматылыққа бұйырмақ. Алматыда тұрғын үй сертификаттарын алуға үміткерлердің қарасы көп екенін айта кеткен жөн. Тұрғын үй саясаты басқармасының айтуынша, бүгінде қалада 9 313 азамат баспанаға мұқтаж. Олардың ішінде 1 мен 2 топтағы 2758 мүгедек, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы санатына жататын 1462 адам, 1890 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 3203 көпбалалы отбасы бар.

Қазақстанның өзге аймақтарындағы тұрғын үй сертификаттары

Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру тек Алматы үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның өзге аймақтарына да қарастырылған. Олардың әрқайсысының жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты өзіндік шарттары, мерзімдері мен ережелері бар.

Сонымен бірге тұрғын үй сертификатын алудың жалпы шарттары Электрондық үкіметтің сайтында сипатталған.

Сайт мәліметіне сәйкес, тұрғын үй сертификаттарын халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатқызылған тұлғалар ала алады: мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар; "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар; толық емес отбасылар.

Одан басқа, сертификаттарды беру келесі салаларда сұранысқа ие мамандар үшін қарастырылған: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және өзге де салалар.

Алушылар санаттарының толық тізбесін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаттары айқындайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1921378-qazaqstanda-baspana-satyp-alu-usin-15-million-tengelik-sertifikatty-qalai-aluga-bolady/