Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев ең төменгі жалақыны көтеруді тапсырды: Кімдердің жағдайы жақсарады

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Елімізде келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл көрсеткіш сан алуан әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде негізге алынбайды. Осы орайда отандық экономистер ең төменгі жалақының көлемін көбейту халықтың әл-ауқатына қалай әсер ететінін айтып берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Экономист Мақсат Халық бұған дейін ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі талай рет көтерілгенін сөз етті.

"Өткен жылы 42 500 теңгеден әлеуметтік көмек берілгенде біз ең төменгі жалақы 60 мың болуы керектігін айтқанбыз. Алайда оны енді ғана көтеріп, келесі жылы өсіреміз деп жатыр. Сонда екі жылға кешігіп отырмыз. Демек екі жылдың инфляциясын тағы қосу керек. Ол уақыттың ішінде инфляция 15-20 пайызға жетіп қалды. Осы жылдың өзінде азық-түлік инфляциясы 11 пайыздан асып кетті. Бұл дегеніміз, қазіргі уақытта ең төменгі жалақы 60 мыңнан да жоғары болуы тиіс", - дейді сарапшы.

Осы орайда Мақсат Халық ең төменгі жалақыны есептеудің әлемдік тәжірибесін мысалға келтірді. Батыста халықтың басым бөлігі алатын жалақының орташа деңгейі негізге алынады.

"Бізде халықтың көбісі 100-150 мың теңгенің жалақысын алады. Оны "медианалық жалақы" деп атайды. Батыста соның тең жартысын ең минималды жалақы деп бекітіп отырады. Сонда дәл қазір бізде ең төменгі жалақының көлемі 75 мың теңге болуы керек. Ал келесі жылдан бастап көтерсе, 80 мыңның көлемінде бекітілуге тиіс", - деді экономист.

Батыс елдерінде инфляцияның нақты дәрежесін ескереді. Кей кезде ең төменгі жалақыны сәл жоғары етіп қояды. Сонда кедей адамдардың жағдайы нашарламайды. 

Қазақстанда 60 мың теңгенің пайдасын кім көреді?

"Мемлекет басшысы өз сөзінде ең төменгі жалақыны көтеру бастамасы 1 миллион адамға қатысты болады деп айтты. Бізде ол адамдар қазір ең төменгі жалақыны, яғни 42 500 теңгені алып жүр. Демек келесі жылдан бастап олардың жалақысы 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Әсіресе өңірлерде тұратын халыққа пайдасы тиеді. Өйткені ауылда 10 мың теңгенің өзі ақша ғой", - дейді Мақсат Халық.

Экономист салық салудың прогрессивті шкаласын тезірек енгізу керек деп санайды. Ал ең төменгі жалақы алатын адамдарға табыс салығы мүлдем салынбауы қажет.  

Оның сөзінше, бұған дейін табысы төмен адамдарға табыс салығы мүлдем салынбасын деген ұсыныс болған.

"Мен оны толығымен қолдаймын. Мысалы 100 мың теңгеге дейін табыс табатын адамдар болса, оларға жеке табыс салығын салудың қажеті жоқ. 10 процентін неге алып қалады? Одан да 100 мың теңгесін қолына алсын", - дейді Мақсат Халық.

Сонымен қатар, жкономист миллиондап табыс табатындардың есебінен бюджетке түспей қалған салықты өтеп отыруға болатынын жеткізді.

Азық-түліктің бағасы көтерілуі мүмкін бе?

Экономист мамандар "ең төменгі жалақыны көтерудің кері жағы да бар" деген пікірде. Халықтың ақшасы біршама көбейсе, сұраныс артады. Ондайда баға тағы өсуі әбден мүмкін.

"Минималды жалақыны көтерудің пайдасы уақытша болуы ықтимал. Өйткені инфляция 42 500 мен 60 000 теңгенің айырмашылығын "жеп қояды". Былайша айтқанда, баға өсіп, қосымша табыстың рахатын көрсетпеуі де мүмкін. Бірден болмайтын шығар. Алайда екі-үш жылда байқалады. Ол анық нәрсе. Сол себепті ең төменгі жалақыны көтерудің пайдасы уақытша бір-бір жарым жылға созылады", - дейді экономист Арман Байғанов. 

Оның айтуынша, жұмысқа қабілетті халықтың оннан бір бөлігі ғана жаңа бастаманың пайдасын көреді. Себебі Қазақстанда жұмыс күшінің жалпы саны 10 миллион адамды құрайды. Дегенмен минималды жалақы көтерілгеннен кейін орташа айлықтың көлемі де өсуі керек.

Экономист Мақсат Халық та бағаның өсуіне алаңдап отыр. Инфляцияға жол бермеу үшін үкіметке біраз жұмыс істеуге тура келеді.

"Алдағы уақытта ең төменгі жалақы ғана емес, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы да өседі. Мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер бар. Мұғалімдердің жалақысын жыл сайын 25 процентке өсіруге тапсырма берілді. Ал экономика заңы бойынша айналымда ақша массасы ұлғайып, қажетті тауарлар көлемі сол жерде өндірілмесе, баға көтеріледі. Алайда инфляцияны ауыздықтауға болады. Ол үшін мемлекет ақша массасын ұлғайтумен қатар тауар өндіруді де ұлғайтуы қажет", - дейді сарапшы.

Тоқаевтың тапсырамасы

1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдау жасап, ең төменгі жалақының көлемін 60 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Өйткені пандемия кезінде халықтың табысы төмендеді. Оған қоса, бұл көрсеткіш жағынан Қазақстан ТМД-ның бірқатар елінен қалып қойған.

"Бұл шара 1 миллионнан астам адамға тікелей пайдасын тигізеді. Ал жанама түрде барлық жұмысшыға пайдалы болады. Көлеңкелі жалақының көлемін де азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ішкі сұранысты да ұлғайтады", - деді Тоқаев.

Айта кетері, Қазақстанда ең төменгі жалақының көлемі соңғы рет 2018 жылы көтерілген. Осылайша 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап минималды жалақы тағы 17 500 теңгеге өсіп, 60 мың теңге болады.

Сондай-ақ мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны салық және әлеуметтік салада есептік көрсеткіш ретінде колданбау қажеттігін де жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1931291-toqaev-en-tomengi-zalaqyny-koterudi-tapsyrdy-kimderdin-zagdaiy-zaqsarady/

pixel