Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент тапсырмасы: Қазақстанда кімдердің жалақысы өседі

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Қымбат Әлиакпарқызы көптің көкейіндегі сауалдарға жауап берді деп жазады Қазақпарат.

"2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын іске асыру аясында ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін арттыру жоспарлануда.

Бұл шара 1,6 миллион жұмыскердің, оның ішінде 430 мың азаматтық қызметшінің айлығын өсіреді.

Бүгінгі таңда біліктілігі жоқ қарапайым қызметкер – азаматтық қызметші ең төменгі жалақы ретінде 49 мың теңге алып жүр. Солардың айлығы келер жылдан бастап 60 мың теңге болады.

Бұл ретте 2025 жылға қарай біліктілігі жоқ қарапайым қызметкердің, азаматтық қызметшінің ең төменгі жалақысы жыл сайын біртіндеп өсе отырып, 98 мың теңгеге жетеді. Қарапайымдап айтсақ, бұған дейін 60 мың теңгеден төмен айлық алып келгендердің бәрінің еңбекақысы 2022 жылдан бастап көтеріледі. Олардың саны 1,6 млн қызметкер", - деді ол.

Қымбат Әлиакпарқызының сөзінше, ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюы басқа қызметкерлердің жалақысын өсірмейді.

"Мысалы, егер қызметкердің жалақысы 200 мың теңге болса, бұл оның да жалақысын көтеру керек дегенді білдірмейді. Бұл шара ең алдымен жалақысы 60 мың теңгеден төмен адамдардың табысына әсер етеді. Жалақысы 60 мың теңгеден жоғары жұмысшылардың басқа санаттары үшін аталмыш шараның табысына әсері жоқ.

2020 жылы жүргізілген талдау бойынша, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы қызметкерлері 60 мың теңгеден төмен жалақы алып келген. Шамамен 47%-ы осындай айлық алады. Бұл 131 мың адам деген сөз. Қызмет көрсету, қонақүй және тамақтану саласындағылардың 44%-ы да осы санатта, шамамен 68 мың адам. Көтерме-бөлшек сауда саласында 413 мың адам, яғни 45%-ы 60 мың теңгеден аз алып жүр", - деді еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры.

Осы орайда Қымбат Әлиакпарқызы еңбек министрлігі ең төменгі жалақыны арттыру аясында қандай шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.

"Біз қазір азаматтық қызметшілердің жалақысын көтеруге бюджеттік өтінімдер жинап жатырмыз. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 мың теңгеден аз алып келген қызметкерлердің айлығы осы өтінімдер негізінде көтеріледі. Қызметкердің жалақысының нақты мөлшері оның біліктілік санатына, жұмысының ауырлығы мен көлеміне байланысты. 60 мың теңгенің үстіне істеп жүрген жұмысының көлемі, ауырлығы, еңбек өтілі, біліктілік санаты қосылады. Жалақы осының бәрінің негізінде көтеріледі", - деді ол.

Сонымен қатар, департамент басшысы азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын 2022-2025 жылдар аралығында 20%-ға арттыру шарасы туралы сөз қозғады.

"Үкімет нақты экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерге сүйене отырып, азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді.

  • 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. Мысалы, педагогтің жалақысы 2019 жылы 210 мың теңге болса, 2023 жылы ол шамамен 400 мың теңге алатын болады. Яғни, 4 жылдың ішінде екі есе өседі.
  • 2021 жылдан бастап әлеуметтік сала қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен арттыру басталды. Мысалы, медбикенің жалақысы бұрын 115 мың теңге болса, 2023 жылға қарай жалақы 215 мың теңгеге жетеді. Ал әлеуметтік қызметкер жалақыны көтергенге дейін 94 мың теңге алса, 2023 жылға қарай оның жалақысы 248 мың теңге болады.

Осы шаралардың бәрі шамамен 600 мың азаматтық қызметшінің табысына әсер етеді. Алайда, осы өзгерістерге ілінбей қалған санаттар бар.

Мемлекет басшысының биылғы жолдауында сол санаттағы қызметкерлердің айлығын көтеру бастамасы айтылды.

Осылайша Жолдау аясында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, мысалы, бухгалтер, бағдарламашы, техникалық маман, мұражай қызметкері, мұрағатшы, кітапханашы сияқты жалпы қызмет салаларының өкілдері үшін айлық өседі.
  • Мысалы, кітапханашылардың жалақысы қазір 89 мың теңге болса, біртіндеп көтерудің арқасында 2025 жылға қарай 178 мың теңгеге жетеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру, сондай-ақ олардың жалақысын реттеу жөніндегі жол картасын әзірледі. Қазіргі уақытта өңірлерден бюджеттік өтінімдер жиналып жатыр. Аталмыш санаттағы азамттардың айлығын көтеру бойынша есептер әзірленуде. Соның нәтижесінде келесі жылдан бастап жаңа аталған мамандардың айлығы кезең-кезеңмен көтеріледі", - деді Қымбат Әлиакпарқызы.

Департамент басшысының сөзінше, Қазақстанда 1,2 миллионға жуық азаматтық қызметші бар.

"Оның 600 мыңы бұған дейін айлығы өсірілген педагогтер мен дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің санатына жатады. Қалған 600 мыңдайының айлығы ол кезде өзгеріссіз қалғанын айттық. Бұл Жолдауда солар туралы айтылған. Жалпы азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу туралы арнайы қаулы бар. Сол қаулыда жұмысшылардың санаттары басқарушы, негізгі персонал, әкімшілік персонал, жұмысшы мамандықтар деп, кестемен белгіленген. Бұрын біз басқарушы қызметкерлердің жалақысын көтерсек, бұл жолы техникалық және жұмысшы мамандық иелерінің айлығын өсіру жоспарлануда. Яғни, жүргізушілер, тазалықшылар, санитарлар, күтушілер деген сияқты. Бірыңғай жалақы болады дегенмен, бұл жерде де еңбек өтілі ескеріледі", - деп түсіндірді ол.

Сөз соңында Қымбат Әлиакпарқызы есептеулер біткен соң деректердің бәрін қаржы министрлігіне енгізетіндерін атап өтті.

Оның сөзінше, соның негізінде жоба дайындалады.

"Бюджеттік өтінімдерді дайындап, республикалық бюджет комиссиясының мақұлдауынан өтуіміз керек. Содан кейін барып өзгерістер енгізу туралы тиісті қаулы жобасы дайындалады. Ол Үкіметтің мақұлдауынан өтуі керек. Осы істің бәрін жыл соңына дейін бекіту жоспарланған", - деді Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1931444-prezident-tapsyrmasy-qazaqstanda-kimderdin-zalaqysy-osedi/

pixel