Кредитті мерзімінен бұрын "жапқанда" нені ескеру керек
Жарияланған күні:
Ел тұрғындарының банк алдындағы қарызы 5 триллион теңгеден асады. Кейінгі 1 жылда тұтынушылық несиенің көлемі 18 пайызға өскен. Сарапшылар мұны инфляцияның өсуі және тауардың қымбаттауымен байланыстырады. Жалпы банктен алған қарызды мерзімінен бұрын қайтарып, несиені толық жабуға бола ма? Ондай жағдайда үстеме ақы қалай есептеледі? Бұл сауалға тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев жауап берді деп хабарлайды Хабар 24.
"Бір де бір банк қарызды мерзімінен бұрын қайтаруға өздігімен шектеу қоя алмайды. Елде несиені толық жабу жүйесін реттейтін арнайы заң бар. Заңның 34-бабының 7-тармағында егер қарыз алушы қаржыны кәсіп ашу мақсатында алмаса, 14 тәуліктен кейін толық қайтаруға құқылы екені айтылған. Сәйкесінше үстеме ақы тек сол күндер үшін ғана есептелуі тиіс", - деді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы.
Несиені 14 тәуліктен кейін толық қайтаруға құқылысыз
Тұтынушылық несие негізінен арнайы бір мақсатқа берілмейді. Қаржы ұйымдары қарыз берген жеке тұлғадан ақшаны қайда, қалай жарататынын сұрамайды. Сондықтан оның кәсіп ашуға жұмсалғаны қағаз жүзінде көрсетілмеген. Яғни кез келген адам несиені мерзімінен бұрын жабуға мүмкіндігі болса, келісім-шарт жасалған күннен 14 тәулік өткеннен кейін сол күндер үшін есептелген үстемені қосып қана қайтаруға құқылы. Бірақ осы жерде ескере кететін бір жәйт бар. Елдің "Банк және банк қызметі туралы" заңында "бір жылға берілген қарызды алты ай өтпей жапсаңыз, қаржы ұйымы үстеме ақыны толық бір жылға алуға құқылы" екені айтылады.
"Егер қарызды 3 жылға рәсімдеп, бір жылдан кейін толық қайтарғыңыз келсе, бұл заң сізге шек қоймайды. Қаржы ұйымдарының сізден үш жылға есептелген үстеме ақыны талап етуге құқығы жоқ. Несиені жапқанда үстеме ақы сол күнге дейін ғана есептелуі тиіс", - деді Нұржан Биякаев.
Несие рәсімдегенде жадынамаға мән беру керек
Қарызды мерзімінен бұрын қайтаруды жоспарлап жүрген клиент бұл туралы банкке өтініш қалдыру керек. Соған сәйкес қаржы ұйымы қарыз сомасын қайта есептеп, нақты берешекті хабарлайды.
Егер олай болмаған жағдайда кез келген азамат елдің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана алады.
Айта кетейік, осы агенттік ашылғалы қаржылық қызметті тұтынушының құқығын қорғайтын бірнеше өзгеріс енгізілді. Соның бірі несие алу кезінде берілетін бірыңғай жадынама. Онда несиеге қатысты негізгі ақпарат жазылады. Мысалы, қарыз сомасы мен валютасы, қарыз мерзімі, төлем саны, өтеуге тиіс жалпы сома сыйақының жиынтық сомасы және басқа да мәліметтер жазылған.
Қазір елдегі барлық банктер қарыз алушыға шартпен бірге осы жадынаманы ұсынуы тиіс. Бұл азаматтың бірнеше қаржы ұйымын салыстыра отырып тиімдісін таңдауға мүмкіндік береді. Ал негізгі талаптар келісім-шартта көрсетілген. Сондықтан қарыз аларда онымен мұқият танысып шыққан жөн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1932884-kreditti-merziminen-buryn-zapqanda-neni-eskeru-kerek/