RU

Елімізде бір бөлмелі пәтерді жөндеуге қанша қаражат керек

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде бір бөлмелі пәтерді жөндеуге қанша қаражат керек? Бұл сауалға мамандар жауап іздеді деп хабарлайды Хабар 24 арнасы. 

Динара Уәли - блогер. Ол пәтер жөндеу жұмыстарына қатысты лайфхактарды үнемі оқырман назарына ұсынып отырады. Базардағы және гипермаркеттегі бағаны салыстырып, тиімдісін анықтайды.

Оның сөзінше, қазір жөндеу жұмысы мен құрылыс материалдары айтарлықтай қымбаттаған. Мысалы, өткен жылы бір бөлмелі пәтерді қарапайым жөндеуге 1 миллион 200 мың теңге қажет болса, қазір шығын 2 есеге өскен.

"Жай ғана жөндеу жұмыстарын жасайтын құрылысшылардың бағалары 20 мың теңгеден жоғары. Дизайнерлік жөндеу жасасақ, 1 шаршы метрі 70 мыңға дейін барады", - деді Динара Уәли.

Құрылыс дүкендерінде материалдар бағасы едәуір артқаны байқалады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері цемент 5 пайызға, полиэтиленді құбырлар 10 пайызға, ал кірпіш 6 пайызға қымбаттаған. 

"Бір бөлмелі пәтерге, яғни 1 шаршы метрге жөндеу жұмыстарын жүргізуге 35-50 мың теңге қаражат қажет. Бізде құрылыс материалдарын өндіреді. Дегенмен, шетелдік компаниялардан импортталған тауарлар сұранысқа ие. Еден жабындары 1500 теңгеден 50000 теңгеге дейін барады. Тұскағаздар желімінің 25 метрі 200-ден 50 мыңға дейін тұрады. Бұл салада алаяқтардың арбауына түспеу үшін сенімді компаниялардың көмегіне жүгіну қажет", - деді Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.

Мердігер мекеме өкілінің сөзінше, бағаның өсуіне зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану мүмкіндігі себеп болған. Сондай-ақ карантиндік шектеулер де қымбатшылыққа әсер еткен. Шекараның жабылуына байланысты шетелден келетін жұмысшы азайған. Құрылыс материалдарын сырттан тасымалдау шығыны да көбейген.

"Тұрғын үй жағдайын жасатқан кезде біздің банк арқылы қазіргі таңда жинақ жасап барып, белгілі бір шарттарды орындап, 50 пайызды қосып несие рәсімдеуге болады. Қазіргі таңда қолданыстағы бағдарлама "Ұмай" деп аталады. 3 миллион 700 мыңға дейін рәсімдеуге болады. Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорынан 268 мыңнан астам адам ақшасын пайдаланды. Басым көпшілігі баспана сатып алуға пайдаланып жатыр", - деді "Отбасы банк" акционерлік қоғамының бизнесті басқару басқармасының бастығы Марина Орынбаева.

Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аз пайызды несие алатын қазақстандықтардың саны артқан. Мысалы, 8 айда "Отбасы банктен" 587 адам несие алған. Жалпы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 142 мыңнан аса адам қаражатты тұрғын үй алуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге пайдаланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1933234-elimizde-bir-bolmeli-paterdi-zondeuge-qansa-qarazat-kerek/