Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде жұмыртқа қайтадан қымбаттай бастады

Жарияланған күні:

Жұмыртқа
Көрнекі фото: piqsels.com

Қазақстанда тауық жұмыртқасының бағасы қайтадан көтеріле бастады - еліміздің кейбір аймақтарында 600 теңгеден сатылуда. Саудагерлер мұны маусымдық құбылыс дейді. Бірақ жағдай шенеуніктерді алаңдатуда деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, Ақтөбе облысында жұмыртқа бір апта ішінде орташа есеппен 100 теңгеге қымбаттаған. Петропавлда сұрыпталған жұмыртқаны табу қиынға соғуда. Бағаның өсуіне байланысты саудагерлер төмен сұрыпты жұмыртқаларды ғана сатуға көшкен.

Сатушылардың айтуынша, екінші және үшінші сұрыптағы жұмыртқалар арзан болғандықтан, тезірек сатылып кетеді. Бірақ соңғы екі күнде мұндай жұмыртқаның өзі бірден 70 теңгеге қымбаттаған.

Ал қарағандылық саудагерлер жұмыртқаны көтерме саудагерлерден арзанырақ сатып алуға тырысуда. Өйтпеген жағдайда, еш пайда болмайтынын айтады. Облыста бірнеше құс фабрикасы болғанымен, мұнда да баға өсуде. Бір апта ішінде он жұмыртқаның құны бірден 50 теңгеге қымбаттаған.

"Бізге қорабын 280-нен әкелді. Қазір, әрине, баға күрт өсті. Адамдар бұған наразы. Ал жұмыртқаны әкелушілер бізге бензин қымбаттады, жем қымбаттады деп түсіндіруде. Қазір жалпы жұмыртқаның ғана емес, бәрінің бағасы көтерілуде. Біз төмен сұрыпты жұмыртқаны алудамыз. Егер сұрыпталған жұмыртқаны алатын болсақ, бағасы әлдеқайда қымбатқа түседі", - дейді сатушы Әсел Жақсыбекова.

Бүгінде әсіресе алматылықтардың жұмыртқа алу кезінде қалтасы қағылуда. Елдің ірі шаһарындағы он жұмыртқаның бағасы 600 теңгеге жетеді.

Жұмыртқа Оралда да қымбаттап кеткен. Мұнда сұрыпталған он жұмыртқаның бағасы кейбір жерлерде 400 теңгеден асады. Сатушылар бұған жұмыртқа жеткізушілерді кінәлап отыр. Айтуынша, тауар қазірдің өзінде оларға 40 теңгеге қымбатырақ келіп жатыр.

Ақтөбедегі коммуналдық нарықта он жұмыртқаның құны 420 теңгеге дейін жетеді. Дүкендерде 470 теңгеге дейін барады. Сатушылардың сөзінше, баға өткен аптадан бастап көтеріле бастаған. Ең қымбаты - импорттық ресейлік жұмыртқа. Екі күн бұрын бағасы көтерілген жергілікті өнім де еш қалыспайды. Өткен аптада үшінші сұрыптағы он жұмыртқаның бағасы 165 теңге болса, қазір оның құны 245 теңгеге жеткен. Одан сәл үлкенірек жұмыртқалар 100 теңгеге қымбаттаған.

Коммуналдық базар басшылығы жұмыртқа құны әлі де шарықтайды деп санайды. Олар жұмыртқа бағасының өсуін маусымдық құбылыс деп отыр. Ал қыс мезгілінде баға, тіпті бірнеше есе қымбаттайды дейді мамандар.

"Баға әлі де өсуі мүмкін. Десе де жұмыртқа бірінші санаттағы әлеуметтік маңызы бар өнімге жататынын тағы да қайталап айтамын. Мүмкін олар енді бөлшек сауданың шекті бағасын белгілеуді реттей бастайды. Біз бағаны ұстап тұру үшін жұмыс жасаймыз", - дейді Ақтөбе қаласының "Нарықтарды басқару" ЖШС өкілі Асқарбек Қойлыбаев.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1933465-elimizde-zumyrtqa-qaitadan-qymbattai-bastady/