Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнетақы жинақтарының қайда инвестицияланып жатқанын қалай білуге болады

Опубликовано:

БЖЗҚ
Фото: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры

«Ақша сізге қызмет етуі керек» деген қағида көпшілікке мәлім және бұл ереже тек жеке жинақтау мен инвестициялар саласында ғана емес, сонымен қатар зейнетақымен қамсыздандыру саласында да маңызға ие. Өйткені, біздің зейнетақы жинақтарымыздың күн сайын жұмыс істейтіні және инвестициялану есебінен көбейетіні белгілі.

«БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу функцияларын Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару Кеңесі орындайды.

2021 жылдың қаңтарынан бастап қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін салымшылар өз қалауы бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) өткізе алады.

Атап кетейік, зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың барлық жүйесі ашық сипатта жүргізіледі: әрбір инвестор өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде немесе мобильді қосымшада, сонымен қатар egov.kz порталындағы жеке кабинетінде көре алады. БЖЗҚ зейнетақы активтері мен БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдарының инвестициялық басқарылуы туралы ақпарат ай сайын БЖЗҚ ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/ Инвестициялық белсенділік» бөлімінде жарияланады.

Онда "ҚРҰБ басқаратын зейнетақы активтері инвестициялық портфелінің құрылымы" бөлімінде әрбір салымшы ыңғайлы әрі функционалды диаграмма мен кестелердің көмегімен Ұлттық банктің басқаруындағы портфельде орналасқан қаржы құралдарының тізбесін көре алады. Ең мұқият әрі ұқыпты пайдаланушылар үшін портфельдің егжей-тегжейлі құрылымы эмитенттер, бағалы қағаздар, сатып алу және өтеу мерзімі, сатып алу күніндегі құн, номиналды және ағымдағы құндылықтар бойынша ұсынылған. Ақпарат тұрақты түрде жаңартылып отырады және әр өткен айдың 1-ші күнінде ұсынылады.

Сондай-ақ, инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компаниялардың инвестициялық портфельдер құрылымымен де танысуға болады. Enpf.kz сайтындағы арнайы бөлімде қазіргі уақытта нарықта жұмыс істейтін төрт басқарушы компанияның егжей-тегжейлі потфельдері ұсынылған, олар – Jusan Invest АҚ, BCC Invest АҚ, HalykGlobalMarkets АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ. Жоғарыда келтірілген гиперсілтемелердің барлығында 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдайға сәйкес ақпарат берілген. Осы жерде бұған дейінгі ақпаратты да қарауға болады.

БЖЗҚ және ИПБ-ның инвестициялық декларациялары мен әр айдың 1-ші күніне сәйкес зейнетақы активтерін инвестициялық басқару туралы ақпараттар ұсынатын "Инвестициялық қызметке шолу" бөлімі де назар аударуға тұрарлық. Батырманы бір рет қана басу арқылы сіз ҚРҰБ басқаратын «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару туралы ақпаратты жүктей аласыз. Мысалы, 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдайға сәйкес құралдардың әр түрінің инвестициялық нәтижелерімен, сонымен қатар валюталық құрылымды талдау және БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі қаржы құралдарын сатып алу, сату және өтеу туралы ақпараттармен ыңғайлы pdf форматында таныса аласыз. Дәл осылай, сіз төрт ИПБ-ның инвестициялық қызметі туралы ақпарат ала аласыз.

Сіз enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінде ИПБ туралы толық ақпаратпен танысып, сонымен қатар олардың инвестициялық декларациялары және комиссиялық алымдар туралы ақпаратты біле аласыз. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқару үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ үшін сыйақының ең жоғары мөлшері алынған инвестициялық кірістің 7,5%-нан аспауы керек. Комиссиялық сыйақының нақты құнын жыл сайын ИПБ басқару органы бекітеді және жылына ең көбі бір рет қана өзгеруі мүмкін. 2021 жылға арналған ағымдағы ақпарат Тізілімде көрсетілген.

Сонымен қатар, сайтта "Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне қысқаша шолу" бөлімі бар, онда «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі туралы және басқарушы компаниялардың портфельдер құрылымы және т.б. жайында жиынтық ақпарат үш слайд арқылы ұсынылған.

Осы материалдардың барлығымен танысып, белгілі бір кезеңдегі динамиканы бақылай отырып, ИПБ-ны таңдау арқылы өзіңіздің жинақ ақшаңыздың бір бөлігінің инвесторы болу туралы ойлануға болады. Ол үшін enpf.kz сайтындағы жеке кабинетіңізге электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кіріп, сенімгерлікпен басқаруға табыстау үшін қолжетімді зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының бар екеніне көз жеткізу қажет.

Содан кейін, жеке кабинетіңіздегі «Қызметтер» бөліміне өтіп, «Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлікпен басқаруға табыстау» батырмасын таңдаңыз. Барлық қажетті өрістерді толтырғаннан кейін, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға аудару үшін ЭЦҚ өтінішіне қол қою қажет.

БЖЗҚ жеткілікті мөлшерден асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін 30 күнтізбелік күн ішінде ИПБ-ға сенімгерлікпен басқаруға табыстайды. Егер инвестор жарияланған соманы инвестициялық портфель басқарушыға аударар алдында өз ойын өзгертсе, әрі қарай сайттағы жеке кабинетінде өтінішінің күшін жоя алады.

БЖЗҚ ИПБ-дан ақша аударылғаннан соң оны басқа басқарушыға бір жылдан кейін ғана аудара алады. Ал Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтару алғашқы аударымнан кейін екі жыл өткенде ғана мүмкін болады. Дегенмен, салымшы зейнет жасына жеткенге дейін 10 күнтізбелік күн бұрын оның зейнетақы жинақтары (егер олар осы мерзімге дейін ИПБ-нің сенімгерлік басқаруында болса) инвестициялық кірісті ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады және кестеге сәйкес зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитеті келісімшартын жасасу немесе заңнамада көзделген басқа да мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін.

Инвестициялық қызметтің (жеке зейнетақы шотының үзінді көшірмесінен көруге болатын) нәтижелерін бақылау кезінде салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының мөлшері апта сайын зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес қайта есептелетінін және бағаланатынын ескеру қажет. Инвестициялық кіріс құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістер, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі кірістер, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т.б кіреді.

Бірақ зейнетақы жинақтары ұзақ мерзімді инвестициялар болып табылатынын және кемінде 1 жылдық кезеңдегі инвестициялық кіріс көлеміне талдау жүргізген дұрыс екенін атап өткен жөн. Қысқа мерзімді деректерге (апталық, айлық және т.б.) сүйеніп тұжырым жасай алмайсыз. Себебі, олар үнемі өзгеріске ұшырап отыратын нарық жағдайына тәуелді. Сондықтан зейнетақы жинақтарына қатысты жиі ұшырасатын кішігірім тұрақты ауытқуларға алаңдаудың қажеті шамалы, өйткені, соңғы жылдары Ұлттық банк таза инвестициялық кіріс өсімінің оң динамикасын көрсетіп, табыстылық инфляциядан жоғары сипатқа ие.

Зейнетақы жинақтары салымшы зейнет жасына жеткенге дейін Ұлттық Банктің бақылауында болған кезеңде зейнетақы жинақтарының инфляция деңгейін ескере отырып, сақталуына кепілдік беріледі. Ал зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның басқаруына беру кезінде зейнетақы активтері бойынша табыстылықтың ең төменгі деңгейін қамтамасыз етуге берілетін мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның кепілдігімен ауыстырылады. Табыстылықтың ең төменгі деңгейі нарықта жұмыс істейтін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшемді табыстылығы негізінде есептеледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1933687-zeinetaqy-zinaqtarynyn-qaida-investiciyalanyp-zatqanyn-qalai-biluge-bolady/

pixel