Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жұмыссыз қалғанда қайда жүгіну керек

Жарияланған күні:

Жұмыс
Көрнекі сурет: pixabay.com

Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтар алатын жалақының 3,5 пайызы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылып отырады. Оны жұмыс беруші өз ақшасынан төлейді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру заңнамасына сәйкес, адам жұмысынан айырылып қалса, қордың есебінен әлеуметтік төлемдер жасалады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әлеуметтік төлем қанша уақыт төленеді?

Заң бойынша жұмыстан босатылған адамдарға міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы екі жылдағы табысына байланысты болады. Алайда жоғалған кірістің 40 пайызынан кем болмауы тиіс.

Мәселен, жұмыссыз қалған адамның жалақысы 150 мың теңге, ал сақтандыру қорына аударымдар 10 жыл бойы жасалса, онда оған жұмыссыз адам ретінде ай сайын 66 000 теңгеге дейін әлеуметтік төлем жасалады.

Әлеуметтік төлемді алу үшін не істеу қажет?

Қазіргі уақытта жұмыссыз адам ретінде тіркелу үшін электронды үкімет порталын пайдалануға болады.

  • eGov.kz порталында авторизация жасау;
  • "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
  • онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық бағанды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу керек.

Одан бөлек, жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркеуге тұруға мүмкіндік бар.

Жұмыстан бас тартуға болмайтыны рас па?

Әлеуметтік төлемді тағайындаудың тағы бір шарты бар. Оған сәйкес, халықты жұмыспен қамту орталығы бір күн ішінде адамның тұрғылықты жері бойынша бос жұмыс орындарын ұсынуы ықтимал. Одан бас тартуға болмайды.

Ал жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары хабарласып, қосымша ақпарат сұрауы мүмкін.

Осы қызметті онлайн режимде электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы алуға да болады.

Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін ұялы телефонға SMS жібереді. Жұмыссыз адам келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беруі керек. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Қандай құжаттар қажет?

  • Жеке куәлік;
  • Өтініш;
  • Банктегі есеп-шоттың нөмірі.

Ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына адамның жұмысқа тұрғаны туралы мәлімет түскен бойда төлем жасау тоқтатылады. Сонымен, бірнеше жағдай ескеріледі:

  • төлем алушының өмірден өтуі;
  • зейнеткерлікке шығу;
  • әлеуметтік төлемді тоқтатуға өтініш беру;
  • жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздар тізімінен шығу;
  • жалған ақпарат беру.

Жұмыссыз ретінде тіркелген адам жалған ақпарат беріп, әлеуметтік төлемді алса, оны қайтаруға тура келеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл 1 қыркүйекке дейін 58,8 мың адамға алғаш рет жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалған. Жалпы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 82,6 мың адамға жеткен.

Сонымен қатар, электронды еңбек биржасы арқылы мыңдаған адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Одан бөоек мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына (жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары) тұрғандар аз емес.

Айта кетейік, өткен жылы жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдауды жеңілдету үшін электрондық еңбек биржасын сынақтан өткізді. Биыл мамырдан бастап осы қызмет барлық қазақстандыққа қолжетімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1939070-zumyssyz-qalganda-qaida-zuginu-kerek/