RU

Елімізде несиелік рақымшылық тағы жасала ма: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жауап берді

Ақша
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша несиелік рақымшылық жасалады деген ақпарат пайда болды. Алайда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәліметті жоққа шығарды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен барынша зардап шеккен ипотекалық қарыз алушылардың жеке санатына көмек көрсету үшін агенттік ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асырып жатыр.

"Бағдарлама 2004 - 2009 жылдар аралығындағы кезеңде теңгемен ипотекалық қарыздар, сондай-ақ, 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған", - дейді агенттік.

Бүгінде осы шарттар негізінде азаматтардың 310,5 млрд теңге сомадағы 42,5 мың қарызы қайта қаржыландырылған. Қарыз алушылардың сыйақы, комиссия, айыппұл бойынша берешегі толығымен кешірілген.

"2020 жылғы қаңтардан бастап бағдарлама талаптары бойынша бұрын қарыздарын қайта қаржыландырған халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатындағы қарыз алушылар үшін берешекті азайту, 20 000 теңге деңгейіндегі ай сайынғы төлеммен жеңілдік берілген кестелер белгілеу түрінде қосымша көмек шаралары енгізілді. Қазіргі уақытта бағдарлама шеңберінде 32,4 млрд теңге сомаға 6,5 мың азаматқа көмек көрсетілді", - дейді ведомство.

Одан бөлек, агенттік бағдарламаға қатысу үшін ХӘОТ санатына жататын және бағдарлама талаптарына сәйкес келетін азаматтар 2021 жылдың 1 желтоқсанына дейін банкке өтініш беруі керек екенін атап өтті.

Қосымша қаржылай көмектің мөлшерін және талаптарын банктер қарыз алушының қаржылық жай-күйін талдау негізінде жеке тәртіппен айқындайды.

"Азаматтардан және бұқаралық ақпарат құралдарынан дәйексіз мәліметтерге сенбеуді және ресми әрі тексерілген дереккөздерден алынған ақпаратты ғана басшылыққа алуды сұраймыз", - деп қорытындылады ведомство.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1940697-elimizde-nesielik-raqymsylyq-tagy-zasala-ma-qarzy-narygyn-retteu-zane-damytu-agenttigi-zauap-berdi/