RU

БЖЗҚ: Зейнетақы мөлшеріңіз болашақта қанша болатынын онлайн түрде білуге болады

enpf.kz
Фото: enpf.kz

Зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір қажеттіліктерге мерзімінен бұрын шешіп алу мүмкіндігі берілген соң көптеген отандасымыз «Болашақта қанша зейнетақы аламын?» деген сұраққа бас қатыра бастады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының хабарлауынша, болашақта зейнетақы көлемінің қанша болатынын онлайн-режимде есептеп беретін, Қордың барлық салымшыларына арналған болжалдық зейнетақы есептеуіші бар. Оның қалай жұмыс істейтіндігін KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Болжалдық зейнетақы есептеуіші enpf.kz сайтында, сонымен бірге AppStore, GooglePlay немесе HUAWEI AppGallery арқылы тегін жүктеп алуға болатын мобильді қосымшада бар.

Есептеуіштің көмегімен болашақта мемлекеттік базалық зейнетақы, жасы бойынша зейнетақы, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан төлемдер көлемін білуге болады.

Болашақтағы БЖЗҚ төлемдерін есептеу үш сценарий бойынша беріледі. Олар: пессимистік, шынайы және оптимистік. Бұл үш нұсқа да шамаланған табыстылық деңгейін есепке ала отырып есептеледі. Осы орайда, барлық болжалды нәтижелер болжап отырған кезеңдегі инфляция деңгейін алып тастағандағы нақты құн мөлшерінде ұсынылады.

Болашақтағы зейнетақы көлемін білу үшін келесі қадамдарды орындау керек:

  1. enpf.kz сайтына немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасына электрондық сандық қолтаңба (ЭСҚ) немесе ЖСН (қолданушы логині ретінде) және кілтсөз арқылы кіру. Интернет-ақпараттандыру қызметін таңдап, ЖСН мен кілтсөзді тіркеу. Бұл қызметке ЭСҚ немесе БЖЗҚ кеңсесіне бару арқылы қол жеткізуге болады;
  2. Жеке кабинеттен «Зейнетақы есептеуіші» деген қызметті таңдау;
  3. Қажетті жолдарды толтыру/толықтыру.

Егер қолданушы авторланудан өтпесе, онда болжалдық зейнетақы есептеуішін тек қана enpf.kz сайтынан пайдалана алады.

Айта кету керек, қазіргі уақытта болжалды төлем көлемі туралы ақпарат биыл 1 сәуірде енгізілген өзгерістерді есепке ала отырып, ұсынылады. Бұл өзгерістерге сәйкес, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы төлем есептеудің жаңа Әдістемесі арқылы есептеледі. Ол былай жүзеге асады: зейнетке шыққан жылы төлемдер зейнетақы жинағының сомасы зейнетақы жинағының 6,5%-дық мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді.

Ал одан кейінгі жылдары зейнетақы төлемдерінің көлемі өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің көлемін 5%-дық индекстеу мөлшерлемесіне жыл сайын арттыру жолымен анықталады. Бұл ретте есептелген ай сайынғы зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан кем болмауы тиіс.

Одан бөлек, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы жинақтар таусылғанға дейін жүзеге асатынын еске саламыз.

Есептеуіштен тағы нені көруге болады? Зейнеткерлік жасқа жеткенде барлық аударым түрі есебінен жасалған зейнетақы жинақтарының болжалды мөлшері жеткілікті болған жағдайда қолданушыға арнайы қалқыма терезе арқылы хабарландыру келеді.

Онда болашақта өмір бойғы зейнетақы төлемдерін алуды көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетін жасау мүмкіндігі туралы ақпарат беріледі. Егер қолданушы аталған опцияны таңдаса, онда «Сіздің зейнетақыңыздың болжамы» бөлігінде БЖЗҚ кестесі бойынша берілетін болжалды төлемдер көлемінің орнына сақтандыру ұйымынан төленетін аннуитетті төлемнің болжалды көлемі көрсетіледі.

Сондай-ақ, зейнетақы есептеуіші арқылы жеткіліктілік шегінен асатын және тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсатына алуға болатын біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын да көруге болады.

Сонымен бірге біржолғы төлемді алған жағдайда болашақтағы ай сайынғы төлем сомасының қанша болатынын көріп, зейнетақы жинақтарын қазір алу қажет пе немесе болашақта қомақты зейнетақы алу керек пе деген сұраққа қатысты шешім қабылдай аласыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1943535-bzzq-zeinetaqy-molseriniz-bolasaqta-qansa-bolatynyn-onlain-turde-biluge-bolady/