Елімізде қанша адамның атаулы әлеуметтік көмек алғаны белгілі болды

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ

2021 жылғы 1 желтоқсанда 988 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 198,1 мың отбасындағы 988,8 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ағымдағы жылы осы мақсатқа бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінді.

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

2021 жылғы 1 желтоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 265,1 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға төтенше жағдай тәртібі мен карантин шектеу шараларының қолданылуына байланысты 2020 жылғы II, III және IV тоқсандарда, сондай-ақ 2021 жылғы I, II тоқсандарда көмек тағайындау ұзартылды.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1947473-elimizde-qansa-adamnyn-atauly-aleumettik-komek-algany-belgili-boldy/