Депутат утиль жинауға мораторий жариялауды ұсынды
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин есеп айырысуды және функцияларды мемлекеттік операторға берудің рәсімдерін аяқтағанға дейін утиль жинауға мораторий жариялауды ұсынды, деп жазады BAQ.KZ.
Еділ Жаңбыршин осы мәселеге қатысты премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
"Биылдың 11 қаңтарында мәжіліс отырысында мемлекет басшысы үкіметке утиль жинақтауға қатысты есептеу тәртібін қайта қарау және жеке мекеме орнына мемлекеттік операторды қарастыруды тапсырған болатын. Утиль жинақтаудың шамадан тыс бағалануы және жеке оператордың ашық емес қызметі - депутаттар тарапынан бірнеше рет көтерілген және тұрғындар үшін өте сезімтал сұрақтардың бірі. Қаңтардың басында Маңғыстауда өткен бейбіт митингілерде халық осы утиль жинауды реттеу жөнінде де талап қойған", - дейді депутат.
Жаңбыршиннің айтуынша, соңғы 5 жылда автокөліктер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алушылар жеке операторға сатып алынатын техниканың мақсаты мен үлгісіне қарай 400 мыңнан 13 миллион теңгеге дейін утиль жинауды төлеген.
Депутат мұндай заңды "бопсалаудың" нәтижесі елімізде көліктердің қымбаттауына әкелгенін алға тартты.
Ол 2015 жылдан 2021 жылға дейін жаңа көліктердің бағасы екі есеге жуық өскенін атап өтті.
Салдарынан ескі көліктердің де бағасы өскен.
"Көрші елдермен баға айырмашылығы, елге шетелдік көліктердің белсенді түрде тіркеусіз әкелінуіне мүмкіндік берді. Қазақстанға шетелдік нөмірлері бар 200 мыңнан астам көлік кірген, олардың көпшілігі ескірген, ал кейбіреуі тіпті қылмыстық мүлік. Сонымен қатар, 2021 жылдың маусымынан бастап кабель мен сым өнімдерінің құнынан да 5 пайыз утиль жинау қарастырылған. Осы мәселелерге қатысты президенттің тапсырмасын халық зор ықыласпен қабылдады. Бірақ біз бүгін тапсырмалардың басқаша атқарылып отырғанын көріп отырмыз", - дейді Еділ Жаңбыршин.
Сондай-ақ, депутат ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жеке оператордың құқықтарын мемлекеттік акционерлік қоғам "Жасыл Дамуға" дереу беруді көздейтін қаулының жобасы орналастырылғанын айтты.
"Бұл қаулы жобасына сәйкес, бес жыл бойы жеке оператордың ақшаны белсенді түрде жинау процесінің ашықтығы ұмытылып қалатын сияқты. Жалпы утиль жинаудан түскен қаржы туралы әртүрлі цифрлар айтылып жатыр. Жеке оператордың бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәліметіне қарасақ, 2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйек айына дейін түскен қаржы 600 млрд-тан астам теңгені құрап отыр. Бұл қыруар қаржы қайда кеткен? Ол жөнінде толық дерек жоқ. Біз тәуелсіз аудит нәтижелерінің орнына экологиялық кодекстен жеке оператордың ақшаны "идея бойынша" неге жұмсау керек екендігі туралы ақпарат аламыз", - дейді мәжіліс депутаты.
Ол баяндағандай, ашық көздерден алған мәліметтер бойынша 300 миллиардтай теңге автокөлік өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталандыруға берілген, 30 миллиардтай теңге ескі көліктерді тапсырған халыққа төленген, 29 млрдтай ескі техникаларды жинақтауға және утилизациялауға жіберілген, ал 181 млрд-тай қаржының қайда кеткені белгісіз, дейді халық қалаулысы.
"Сонымен қатар жеке оператор активтерінің тағдыры қаулы жобасы бойынша түсініксіз. Өйткені қаулы жобасында тек жарғылық капиталдағы үлесті аудару туралы айтылған, ал ағымдағы шоттан ақшаларды аудару туралы бір ауыз сөз жоқ. Утиль жинау төлемін жаңа оператордың қабылдап бастағаны туралы экология министрлігінің тосын мәлімдемесі де сұрақ туғызады.
Өйткені қаулы жобасы ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін талқыланады және одан кейін оның нақты қабылданатыны белгісіз болып тұр. Утиль жинаудың ставкасын қайта қару жөніндегі сұрақта ашық қалып отыр. Бүгін әңгіме базалық ставка төңірегінде, ал алынатын сомалар, негізінен коэффициенттер арқылы манипуляция жасалынып отыр. Неге халықтан алынған утиль жинақ есебінен көлік өндірісін дамытамыз? Бизнестің өзі инвестиция салмай ма? Утиль жинау тек ескі техникаларды залалсыздандыру үшін пайдалану керек емес пе?", – дейді Еділ Жаңбыршин.
Оның сөзінше, қазір утиль жинауға байланысты жұмыс тобы құрылып, талқылау жүріп жатыр. Бірақ әртүрлі тараптардың паритеті сақталмаған. Министрліктер осы процеске көлік өндірушілердің лоббистерін көбірек тартып жатыр.
Жоғарыда келтірілген мәселелерді ескере отырып келесі шараларды іске асыру қажет:
- жеке оператордың қызметіне құрылған уақытынан бастап шұғыл тәуелсіз аудит жүргізу және аудитті мемлекеттік операторға қаражатты аударғанға дейін жасау;
- өткізілген жұмыстардың нәтижелерін ашық ақпарат көздерінде жариялау;
- тексеру нәтижелері бойынша жеке оператордың активтерін мемлекеттік операторға толық көлемде беруді қамтамасыз ету;
- есеп айырысуды және функцияларды мемлекеттік операторға берудің рәсімдерін аяқтағанға дейін утиль жинауға мораторий жариялау;
- утиль жинау есебінен көлік және ауыл шаруашылық техника өндірушілерін қолдауға тыйым салу;
- жұмыс тобына паритеттік жағдайда барлық тараптарды мүше қылу және оған мәжіліс депутаттарында тарту;
- мемлекетке өткен операторды басқаратын кадрларды қайта қарау.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1953085-deputat-util-zinauga-moratorii-zariyalaudy-usyndy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.