Биылдан бастап бірқатар әлеуметтік төлемнің мөлшері артты
Жарияланған күні:
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін үш әлеуметтік төлемнің мөлшері ұлғайтылды. Есесіне, бұл 347,7 мың адамға әсер етті, деп хабарлайды еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, азаматтардың сатып алу қабілетін сақтау мақсатында биыл 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылған (75 130 алушы) және асыраушысынан айырылған жағдайда (52 096 алушы) МӘСҚ-тан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдердің мөлшері 5 пайызға артты.
Бұл төлемдер ұзақ мерзімді болып саналады. Өйткені олар бірнеше жыл бойы төленуі мүмкін. Мәселен, еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда – адам еңбекке қабілеттілігін қалпына келтірмейінше не зейнеткерлік жасқа жеткенше, асыраушысынан айырылған жағдайда – балалар кәмелетке толғанға дейін төленетін болады. Сонымен бірге күндізгі оқу нысанының студенттеріне 23 жасқа дейін беріледі.
Айта кетерлігі, жоғарыда аталған төлемдерді алушы азаматтар бюджет қаражаты есебінен осындай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды да алады.
Сондай-ақ, осы жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері арттырылды. Бұл шешім еліміздегі 220 462 азаматқа қатысты.
Естеріңізге салсақ, жоғарыда аталған әлеуметтік төлемнің мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы 2 жылдағы орташа табыстың 40 пайызын құрайды. Бұл ретте бұл әлеуметтік төлемнің ең төменгі мөлшері ұсталуға жататын міндетті зейнетақы жарналарын қосымша есептей отырып, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңға сәйкес туылған баланың кезектілігіне қарай белгіленген ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Жоғарыда көрсетілген барлық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру МӘСҚ активтері есебінен жүзеге асырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1953536-biyldan-bastap-birqatar-aleumettik-tolemnin-molseri-artty/