Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан Нигерия, Ангола сынды елдердің деңгейінде": Депутат елдегі кедейлік мәселесін көтеріп, дабыл қақты

Опубликовано:

Ерлан Саиров
Ерлан Саиров. Кадр: Мәжілістің жалпы отырысынан/YouTube

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Ол өз сауалында елдегі кедейлік мәселесін көтеріп, оны шешуге қатысты бірнеше ұсынысын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазақстанның басты әлеуметтік проблемасының бірегейі – халықтың басым көпшілігінің кедейлігі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштерін белгілеу керек деді президент.

Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған. Табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға - 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін - 5,5 АҚШ доллары. Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды. Ресейде күніне 6 доллар.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны ресми түрде 998 мың болды. Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіш 1,5 миллионға тең екенін, тіпті одан да жоғары екендігін айтады.

Халықтың жаппай кедейлігі мемлекет үшін де өте қымбатқа түседі. Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді", – деді Саиров.

Ерлан Биахметұлының айтуынша, бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі. Яғни, Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр.

"Еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60 пайызы деңгейінде белгіленеді. Сонымен бірге пандемия басталғаннан бері тұрмысы төмен үй шаруашылықтарының қаржысына инфляцияның өсуі нұқсан келтіріп, соған байланысты әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеп кетті.

Мысалы Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары. Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар. Ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызын құрайды. Яғни 36 мың теңгенің 70 пайызы", – дейді ол.

Мәжіліс депутатының пікірінше, әлеуметтік көмекті тек сіңірі шыққан кедей болған кезде алу мүмкін болады.

"Осының нәтижесінде 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, мұқтаж адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайды. Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын төмендетіп жіберді", - дейді Саиров.

Сондай-ақ, ол елдегі кедейлік мәселесін шешуге қатысты мынадай ұсыныстарын жеткізді:

  • елдегі жалпы ішкі өнім деңгейінің халықаралық стандарттарына сәйкес, Қазақстанда кедейлік шегін арттыру;
  • қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу;
  • ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру;
  • екі төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату;
  • ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу;
  • ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1954232-qazaqstan-nigeriya-angola-syndy-elderdin-dengeiinde-deputat-eldegi-kedeilik-maselesin-koterip-dabyl-qaqty/

pixel