"Көкөністің бір келісі 94 теңгеден": Ақтөбедегі азық-түлік бағасы сапасына сай ма

Опубликовано:

әлеуметтік дүкен
Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы елімізде әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының өсуі бойынша үштікке енді. Қымбатшылық қалтасын қаққан қарапайым халық әлеуметтік дүкендерді жағалайды. Ал ондағы бағасы қолжетімді өнімнің сапасы жақсы ма? Әлеуметтік тауарларға деген сұраныс қандай? Өңірде ауыл шаруашылық саласы мен өнімдерін бақылап отырған шенді жалақысының қанша бөлігін азық-түлік алуға жұмсайды? Бұл сұрақтарға жауап табу үшін KAZ.NUR.KZ тілшісі өңірде арзан бағада картоп, жуа, айран, жұмыртқа, сұйық май сататын дүкендерді аралап, сараптама жасады.

"Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мәліметінше, қалада 15 әлеуметтік дүкен бар. Олар қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан.

Аптаның дүйсенбі, сәрсенбі күндері тұрақтандыру қорының өнімдерімен жаңарып отырады. Мамандар алдағы уакытта бұл жерге арзан бағада қант жеткізілетінін айтты.

""Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, оның ішінде бағаны тұрақтандыру қоры өнім бағасын төмендетуге жұмыс жасайды. Қазір әлеуметтік дүкендегі тауарлар бағасы статистика бойынша нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен" - дейді "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметкері Ербол Шыма.
азық түлік
Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Халық бірінші бағаны сұрайды

Әлеуметтік зерттеу барысында ең бірінші төмен бағада азық-түлік өнімдерін табуға болатын қаладағы әлеуметтік дүкендерді араладық.

Бұл жерден әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына кіретін, нарықтағы бағадан арзан бес түрлі өнімді таптық. Онда картоп, жуа және сәбіздің бір келісі 94 теңгеден, бір келі күріш 210 теңге, қырыққабат келісіне 230 теңге, ал сұйық май 1 л. 630 теңгеден сатылып жатыр.

Әлеуметтік дүкен сатушысы картоп сапасының жақсармай тұрғанын айтты.

картоп
Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева
"Халық картопқа көп шағым айтады. Бүгін сәбіз келген жоқ. Кейінірек келеді. Халықтың осы әлеуметтік тауарларға сұранысы жоғары. Арзандау өнімдерді алғысы келеді. Халық бірінші тауардың бағасын сұрайды", - дейді дүкен сатушысы.

Ал 11 мөлтек ауданындағы екінші әлеуметтік дүкеннен сапасы әлдеқайда жақсы картопты кездестірдік. Бұл жерде төмен бағадағы сәбіз де қойылған.

"Екі күнге 5 қапшық картоп, 5 қапшық сәбіз, 2 қапшық жуа аламыз. Әр дүкеннің өз қажеттілігі болады", - дейді сатушы.

Евростандартқа сай көкөніс қоймалары жоқ

Дүкен аралаудан кейін Ақтөбе облысы әкімінің ауыл шаруашылық саласы бойынша орынбасары Жақсылық Имақұловтың есігін қақтық. Жалақысының көп бөлігі азық-түлік алуға кететінін айтқан шенді қымбатшылық себебін түсіндірді.

"Қазір жанар-жағармай, металл бағасы, техника да қымбаттап жатыр. Мұның бәрі азық-түлік бағасына әсер етеді. Мәселен, жұмыртқа жергілікті өнім болғанымен бағасы тұрақты емес. Қуаңшылыққа байланысты тауық жемі 30-40 пайызға қымбаттап кетті. Сондықтан өндірушілер бағаны көтеруге мәжбүр", - дейді Жақсылық Иманқұлов.
әлеуметтік дүкен
Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, төмен бағадағы жұмыртқаны қаладағы ірі сауда дүкендерінен табуға болады. Ол үшін жергілікті билік жұмыртқа өндіруші Рамазан ЖШС-не 460 миллион теңге қаржы бөлген.

Дүкендерде бірінші категориялы 10 дана жұмыртқа 299 теңгеден сатылады. Ал бірінші сұрыпты нан бағасы 84 теңге.

Иманқұлов майлылығы 2,5 айранды 245 теңгеге табуға болатынына сендіріп, өңірде сүт өнімдерінің бағасы тұрақты екенін айтты. Сонымен қатар, облыстағы негізгі мәселе - көкөніс қоймасының сыйымдылығы аз екенін жасырмады.

"Кеше ғана картоп сапасына қатысты шешім қабылдадық. Себебі тұрғындардан картоптың сырты жақсы, қабығын аршығанда іші қарайып кетеді деген шағым түсті. Мүмкін ондай болатын шығар. Қазір ол картопты алмаймыз, дүкендерге басқа картоп салып жатырмыз.

Биыл ақпан айында 750 тонна, наурызда 850 тонна, сәуір айында 900 тонна картоп дүкендерге таратылады. Бізде евростандартқа сай көкөніс қоймалары жоқ. Дұрыс қойма болмағасын сәуір мен мамыр айларында қоймадағы тауарларымыз шіріп, бұзылып кетеді.

Осыған байланысты алдағы уақытта осы мәселені шешуіміз керек. Қазір үлкен жоба бар. Наурыз айынан бастап ерте пісетін көкөністерді Түркістан және Өзбекстаннан әкелу жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз", - дейді Жақсылық Иманқұлов.
әлеуметтік дүкен
Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ескі қалада тұратынын айтқан шенді демалыс күндері азық-түлік бағасын бақылау үшін дүкен аралайтынын жеткізді.

"Менің отбасымда екі үйленген балам, екі келінім, екі немерем, мектепте оқитын екі балам бәріміз бірге тұрамыз. Жалақымның бірталай бөлігі азық-түлік алуға кетеді. Кемінде 50 пайызы тамаққа жұмсалады. Үйде анамнан қалған әдет бар. Көкөністерді жертөледе сақтаймыз. Ол көктемге дейін жетеді", - деді Иманқұлов.

Ақтөбедегі арзан картоптың сапасы қандай?

Бұған көз жеткізу үшін төмен бағадағы әлеуметтік тауарларды сатып алдық. Картоп, жуа, сұйық май, қырыққабат және сұйық май алу үшін 1810 теңге жұмсалды.

азық түлік
Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Тауарлар жоғары сапада болмағанымен тұтынуға жарайды. Ал картоптың жартысын кесіп тастауға тура келді.

картоп
Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Тұрғындар арасында сауалнама жүргізу кезінде көпшілік қымбатшылықтың күн санап қысып жатқанын айтты.

Халық жергілікті биліктен күнделікті қажетті азық-түлік бағасы қолжетімді болуын және сапасын бақылауды сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1954725-kokonistin-bir-kelisi-94-tengeden-aqtobedegi-azyq-tulik-bagasy-sapasyna-sai-ma-foto/