Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда құрастырылған көлік отандық болып санала ма

Опубликовано:

көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстандық компанияның бас директоры Бекнұр Несіпбаев елімізде құрастырылған көліктерді отандық деп санауға келе ме деген сауалға жауап берді. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.

Оның айтуынша, құрастырылған көлік төңірегінде сын пікір көп, дегенмен көлік өндірісі бойынша қазіргі жетекші елдер алдымен көлік құрастырудан бастаған. 

"Біздің зауыт 2019 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта көлік құрастырудың екінші желісі іске қосылды. Көліктің бөлшектерін әкеліп өзімізде құрауға қатысты теріс пікірлер бар, алайда әлем бойынша автопром қалай дамитынына мән берген жөн.

Мысалы, бір шетел компаниясын алайық. Олар 1967 жылы құрылған кезде бірден көлік шығармаған. Себебі тәжірибе жетіспеді, қажетті мамандар болған жоқ. Сол себепті олар импорттық көлікті алып, соны құрастыра бастады. 10 жыл көлемінде көлік құрастырумен айналысқан соң барып қана өндіріске тереңдеп ене бастаған,-деп түсіндірді Бекнұр Несіпбаев. 

Ол Қазақстан да көлік құрастырып, солардың жолымен келе жатқанын айтады. 

Спикердің сөзінше, компаниясы бір жарым жылдың ішінде екінші көліктің моделін құрастыруды қолға алған.

"Ол жерде тек дөңгелегін салып қана қоймаймыз, дәнекерлеу жұмыстары, сырлау және барлық бөлшектерін құрастыру іске асырылады. Алдағы 5-6 жылда дәнекерлеу мен сырлау жұмыстарының үлесі арттыру көзделіп отыр. Оның үлесі артқан сайын өнім көлемі де ұлғая береді. Ал, көлемі ұлғайғанда өзге бөлшектерін өндіру іске қосылады",-дейді  компания директоры. 

Сонымен қатар алдағы уақытта ұлттық брендтегі көлік шығаруға қатысты ойын айтты.

"Біз  жаңа бренд ойлап табамыз деген жаңсақ ойдан аулақпыз. Ол болмайды. Қазір өзінің ұлттық брендін шығарып жатқан ондаған елдің өнімі көбінде көшірме болып келеді. Олар ірі автокенцерндердің лицензиясы аясында өз брендтерін шығарып отыр. Біз ондайға бармаймыз. Қазіргі мақсатымыз шетел компаниясымен арадағы жұмысты дамыту, оған қоса Қазақстанға әкеліп құрастыру бойынша өзге компанияларды іздейміз",-деді Бекнұр Несіпбаев. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1957761-qazaqstanda-qurastyrylgan-kolik-otandyq-bolyp-sanala-ma/

pixel