Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

SWIFT жүйесі дегеніміз не, Ресейдің одан ажыратылуы елімізге қалай әсер етеді: Сарапшылар пікірі

Жарияланған күні:

ақша аударымы
Көрнекі фото: pixabay.com

Еуропалық одақ, АҚШ, Канада және Ұлыбритания елдері Ресей Федерациясының Украина аумағындағы әскери әрекеттеріне жауап ретінде ресейлік банктерді SWIFT халықаралық банк жүйесінен ажырату туралы келісімге келді. Осы орайда SWIFT жүйесінің не екені және Ресей қаржы институттарының одан ажыратылуы Қазақстанға қалай әсер ететіні жайында KAZ.NUR.KZ тілшісі жазады.

Украинадағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты батыс елдерінің Ресейді SWIFT жүйесінен ажырату жайлы бастамасы ең қатаң шаралардың бірі болып саналады. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон бұл шешімді Ресейді әлемдік қаржы жүйесінен оқшаулаудың алғашқы қадамы деп атады.

SWIFT дегеніміз не?

SWIFT – банкаралық төлемдер жасаудың халықаралық жүйесі. Ол дүниежүзілік банкаралық қаржылық телекоммуникация қоғамының (Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunication) құрметіне аталған. Жүйе 1973 жылы құрылған. Кеңсесі Бельгияда орналасқан.

Халықаралық банк жүйелерінің ішінде SWIFT - ең сұранысқа ие жүйе. SWIFT бірнеше секунд ішінде халықаралық аударымдарды жасауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, SWIFT жүйесін дүние жүзінде 11 мыңға жуық ұйым, соның ішінде қаржылық емес ұйымдар пайдаланады. ТАСС агенттігінің мәліметінше, жүйе арқылы жылына 5 миллиардтан астам хабарлама өтеді.

Ресейдің SWIFT-тен ажыратылуы Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

Экономист-сарапшы Қасымжан Қаппаровтың сөзінше, Ресейдің SWIFT-тен ажыратылуы және Ресейдің валюталық резервтерінің тоқтатылуына байланысты валюта нарықтарында жоғары құбылмалылық болжанып отыр.

"Ресей рублінің құнсыздануынан кейін теңге де құлдырайды. Валютаға сұраныстың жоғары болуы доллардың өсуіне әкеледі. Бұл ретте долларды сатып алу үшін рубльді теңгеге айырбастайтын ресейлік банктердің долларға сұранысының өсуіне байланысты жағдай күрделене түсуі мүмкін", - дейді Қасымжан Қаппаров.

Ұлттық банк нарыққа интервенция жүргізетінін мәлімдеді. Бірақ экономистің айтуынша, валюталық резервтің көлемі шектеулі.

"Ұлттық банк теңгенің құлдырауын тежемей, валюта нарығындағы құбылмалылықты тежеуге тырысуы мүмкін. Одан бөлек, Ұлттық банктің алдында елемізде жұмыс істеп тұрған ресейлік еншілес банктер Сбербанк, ВТБ және Альфа банктің жұмысын тұрақтандыру міндеті тұр", - дейді ол.

Қасымжан Қаппаров доллар курсының өсуі импорт тауарларына бағаның өсуіне әсер ететінін алға тартады.

"Автокөлік, электроника, құрылыс заттары қымбаттайды. Үкімет халықтың табыс деңгейін төмендетуге әкеліп соғатын инфляциямен күрес бойынша жоспар құруы қажет", - дейді маман.

Ал экономист Мақсат Халықтың айтуынша, SWIFT жүйесінен гөрі Ресей рубліне қатты әсерін тигізіп жатқан - Ресей Орталық банкі активтерінің сырттан бұғатталуы.

"Өйткені Ресей сол ақшалары арқылы интервенция жасап, рубльге құн беріп тұрған еді. Қазір ондай мүмкіндіктен айырылды", - дейді Мақсат Халық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1958316-swift-zuiesi-degenimiz-ne-reseidin-odan-azyratyluy-elimizge-qalai-aser-etedi-sarapsy-pikiri/