Мәжіліс депутаты депозиттерге 10 пайыздық өтемақы төлеуге қарсы шықты
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов министрлер кабинетінен қазақстандықтардың теңгемен ашылған депозиттеріне 10 пайыздық өтемақы төлеуді алып тастауды сұрады. Айтуынша, оған кететін қаражатты әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды қолдауға бағыттаған жөн, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Аманжан Жамалов өзінің депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайылов пен Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовқа жолдады.
"Экономикасы жөнінен әлемде жетінші орында тұрған, Қазақстанның экономикалық және сауда серіктестерінің бірі Ресей Федерациясында салдары ауыр болуы мүмкін оқиғалар орын алды. Ресей, былайша айтқанда, халықаралық экономикалық айналымнан оқшауланып қалды", - деген Аманжан Жамалов бұл жайт Қазақстан үшін ауыр болатынын ашық айтты.
Осыған орай, депутат, бірінші кезекте қаржы нарығын тұрақтандыру бойынша дұрыс және тиімді шешімдер қабылдауға шақырды. Оның сөзінше, қазіргі таңда экспорттаушылар, импорттаушылар, инвесторлар мен алыпсатарлар секілді валюта нарығының қатысушылары қорқып, алдағы өзгерістердің, оның ішінде логистикалық және тауарлық жеткізілімдердің, қосылған құн мөлшерінің, энергетика нарығында қандай өзгерістер орын алатынын білмей дал болып отыр.
"Мұндай кезеңдерде, бір жағынан Ұлттық банктің қатысуымен өтетін биржадағы ұйымдасқан сауда-саттықты доғарып, екінші жағынан банктерге импорттық және экспорттық келісімшарттар бойынша өз клиенттерімен жұмыс істеуге кедергі келтірмей, оларды валютамен және теңгемен қысқа мерзімге кредиттеуіміз қажет", - дейді ол.
Сонымен бірге Аманжан Жамалов қазіргі жағдай негізгі азық-түлік пен қызметтер бағасының өсуіне сөзсіз әсер ететінін, ал бұл, бірінші кезекте, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға әсер ететінін тілге тиек етті.
"Қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк үкіметпен бірге жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мемлеттік бюджет қаражаты есебінен 10 пайыз көлемінде сыйақы төлеуді қарастыратын теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын жария етті. 2022 жылдың 1 ақпанындағы деректерге сай, жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы салымдарының көлемі 6,7 трлн теңгеге тең. Ал оларға төленетін сыйақы мөлшері 700 млрд теңгеден асады.
Менің ойымша, бұл жақсы идея емес, іс жүзінде біз банктерде салымдары бар азаматтарды қолдайтын болып тұрмыз. Яғни, бюджет қаражаты мемлекеттік қолдауға шын мәнінде мұқтаж болып отырған азаматтарға бөлінбейді деген сөз", - дейді депутат.
Осыған байланысты Аманжан Жамалов теңгелік депозиттер бойынша берілетін сыйақыны алып тастап, ол ақшаны әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды қолдауға және әлеуметтік төлемдерді инфляция деңгейіне қарай индекстеуді ұсынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1958864-mazilis-deputaty-depozitterge-10-paiyzdyq-otemaqy-toleuge-qarsy-syqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.