Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнетақы қорындағы жинақтың жеткілікті шегі артады: Өтінімді қашанға дейін беріп үлгеру қажет

Опубликовано:

зейнетақы жинағының жеткілікті шегі
Көрнекі фото: pixabay.com

1 сәуірден бастап зейнетақы жинағының төменгі жеткіліктілік шегі артады. Осыған байланысты қазақстандықтар зейнетақы жинағындағы артылған соманы алуға асығуда. Бүгін, 11 наурызда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жинақтан шешуге болатын сомаға нешесіне дейін өтінім беру керектігі жөнінде хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өткен жылдың басынан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауға және инвестициялық портфель басқарушыларына беруге мүмкіндік алды.

Алайда жинақтағы барлық соманы қолға бермейді, тек шотта қалатын ақшаның жеткілікті шегінен асқан мөлшерді пайдалануға болады. Егер ондағы ақша жеткілікті шектен аз болса, зейнетақы жинағындағы қаражат пайдалануға қолжетімсіз.

Жыл сайын төменгі жеткіліктілік шегі есептік көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты және болашақ зейнетақы төлемдері мен жарналарының өсуіне орай артып отырады. Биыл 1 сәуірден бастап 2022 жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі күшіне енеді. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін Үкіметтің қаулысымен 2021 жылға есептелген жеткіліктілік шегін қолдану мерзімі 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған еді.

Демек, БЖЗҚ салымшыларына зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін қолдану үшін әлі үш апта уақыт бар. БЖЗҚ осы орайда аталған мерзімге үлгеру үшін өтінімді қашан беру керектігін түсіндірді.

Зейнетақы жинағындағы ақшаны қалай алуға болады

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін салымшы тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында алуға қолжетімді зейнетақы жинақтарының бар-жоғына көз жеткізуі тиіс. Мұны enpf.kz сайты немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинетте, сондай-ақ, egov порталы мен мобильді қосымшасында көруге болады.

Одан әрі салымшы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда, уәкілетті операторлардың интернет-ресурсы арқылы алдын ала өтініш бергені жөн. Бүгінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініштер қабылдайтын уәкілетті операторлар: "Отбасы банк", "Қазақстан Халық банкі", "Altyn Bank", "Банк ЦентрКредит" және "Банк Фридом Финанс Қазақстан". Ал емделуге өтінішті "Отбасы банк" қабылдайды.

Уәкілетті оператор біржолғы зейнетақы төлемін алу туралы өтінішті қарағаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді. БЖЗҚ тарапынан алуға қолжетімді қаражат уәкілетті оператордан электрондық хабарлама келіп түскен күнгі жеткіліктілік шегі ескеріле отырып тексеріледі. БЖЗҚ электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға алушының арнайы шотына біржолғы зейнетақы төлемін аударады.

Жинақтан алуға болатын сомаға нешесіне дейін өтінім беру керек

2022 жылға арналған төменгі жеткіліктілік шегі 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енетіндіктен, БЖЗҚ уәкілетті операторлардан 2022 жылдың 31 наурызына (қоса алғанда) дейін келіп түскен өтініштер бойынша 2021 жылға есептелген төменгі жеткіліктілік шегіне сәйкес біржолғы зейнетақы төлемдерін жүргізеді.

Демек, БЖЗҚ өтінішті 31 наурызға дейін қабылдаса, азаматтарға былтырғы төменгі жеткілікті шектен артылған зейнетақы жинағын алуға мүмкіндік бар. Өтінішті одан әрі рәсімдеуді сәуірдің алғашқы күндерінде жалғастыруға болады.

Егер өтініш беруші өзінікімен қатар, туысының зейнетақы жинағын пайдалануды көздесе, онда туыстары зейнетақы жинағын беруді рәсімдеу процесін ертерек бастағаны абзал.

Одан бөлек, наурыз айында жұмыс күндері әдетттегіден аз екенін ескерген жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1960251-zeinetaqy-qoryndagy-zinaqtyn-zetkilikti-segi-artady-otinimdi-qasanga-deiin-berip-ulgeru-qazet/

pixel