Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресейге салынған санкциялар Қазақстандағы тұрғын үй нарығына қалай әсер етті

Опубликовано:

пәтер
Көрнекі фото: pixabay.com

Отандық кәсіпкерлер құрылыс материалдарының басым бөлігі шетелдерден, әсіресе Ресейден келетінін айтады. Көрші елге салынып жатқан Батыстың санкциялары салдарынан да құрылыс материалдары қымбаттағаны байқалып отыр. Мәселен, соңғы екі айда тек 12 миллиметрлік ресейлік арматураның тоннасы 100 мың теңгеге, линолеумнің текше метрі 100 теңгеге, қасбеттік панельдердің шаршы метрі 200 теңгеге қымбаттаған. Ал бұл өз кезегінде тұрғын үйдің қымбаттауына себеп болып отыр, деп хабарлайды Қазақпарат.

Ресми дереккөздерге көз жүгіртсек, Қазақстандағы құрылыс материалдарының 54 пайызы – отандық өнімдер.

Ал қалған 46 пайызы шеттен импортталады.

Мемлекеттің азаматтарды құрылыс заттарымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмай отыр.

Сол себепті 60 пайыздан астам құрылыс материалдары сырттан келеді.

Бұл – нарықтық экономикаға көшкен әр мемлекеттің басынан өтетін қалыпты құбылыс.

Бірақ жалпы қазақстандық нарық алаңында отандық өнімдердің аздығы бағаның тұрақсыздығына әкеліп, өзге елдің экономикасына тәуелді етіп қояды.

Осыған байланысты экономист Мақсат Сералы біздің құрылыс нарығында қолданылатын тауарлардың басым бөлігі импорттық тауарлар екенін растады.

Оның сөзінше, құрылыс нарығында өзімізді толыққанды қамтамасыз ете алмағандықтан, шетелдік тауарларға тәуелді екенбіз.

"Соның ішінде Ресей аумағынан келетін өнімдер қазіргі уақытта 2-2,5 есеге өсіп кеткен жағдайлар да бар. Мысалы, арматура, темір, ағаш, кафель өнімдері, линолеум, плинтус секілді құрылыс материалдары Ресейден келеді. Ал Ресейге салынған санкциялар салдарынан олардың бағасы шарықтап тұр. Сол себепті оның түпкі бағасы құрылыс нарығындағы шаршы метрге келіп қосылады. Тұрғын үй бағасы сол себепті де өседі", - деді сарапшы.

Мақсат Сералының пайымынша, Ресейге салынып жатқан санкциялардың салдарынан олардың экономикалық жағдайы қалай дамитыны, қай бағытта жүретіні әлі белгісіз.

"Олар ішкі нарықты сақтап, өзін толыққанды қамтамасыз ету мақсатында экспорттың көлемін азайтады. Сондықтан елімізге келетін тауарлардың да көлемі күрт төмендейді. Бұл ішкі нарықта дефицит тудырады да, сәйкесінше бағаның өсуіне әкеліп соғады", - дейді экономист.

Baspana Group жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі Ботагөз Мақышева да Ресей секілді нарықтағы орны едәуір мемлекетте болып жатқан жағдайды Қазақстанның тиімді пайдалану керегін жеткізді.

"Өйткені көптеген ірі компаниялар Ресей нарығынан кетіп жатыр.

Міне, соларға біздің экономикамыздан орын бөлсек, алпауыт компаниялардың бізге көшіп келуге мүмкіндігі болар еді.

Осы сәтті тиімді пайдалансақ, барлық құрылыс материалын, оған қоса қоғамның қолайлы өмір сүруіне қажетті нысандарды салуға, көптеген түйткілді мәселелерді шешуге зор мүмкіндік туындайтын еді",-деді ол.

Дегенмен жылжымайтын мүлік агенттігі жетекшісінің пікірінше, құрылыс компаниялары материал қымбаттағанын пайдаланып, тұрғын үй бағасын өсірмей, керісінше мәселені шешуге атсалысуы керек.

"Құрылыс саласының 60-70 пайызы импорттық тауарларға тәуелді екені бәріне белгілі. Елде өндірілетін отандық өнім аз. Сол себепті ол бағаны қалыптастыруға да әсер етеді. Жалпы бұған дейін де үйлер осылай салынып келді, бірақ баға мұндай қарқынмен өскен жоқ. Жыл сайын осы жағдай қайталанады. Бұндай әлемдік экономикалық сілкіністер болмай тұрғанда құрылыс компаниялары жақсы табыс тапты. Қазір де тауып отыр, алайда көлемі аздау. Осыған байланысты керісінше тұрғын үй компаниялары бағаны өсіруге асықпай, экономиканы қалыптастырушылардың бірі ретінде проблеманы шешуді қолға алуға тиіс", - деді Ботагөз Мақышева.

Экономист Мақсат Сералының сөзінше, жалпы тұрғын үй нарығындағы баға ешқашан төмендемеген.

Біз ішкі нарықты қамтамасыз етпейінше, баға өсуін тоқтатпайды, дейді ол.

Жыл сайын тұрғын үй 12%, 14%, 18%-ға қымбаттап жатыр. Жаңадан салынған немесе қайталама нарықтағы үйлер болсын, бәрінің де бағасы өсіп жатыр.

"Баға тіпті баспана категориясына да қарап жатқан жоқ. Элиталық санаттағы үйлердің де қымбаттағаны байқалып отыр. Әрине, олар біраз қымбаттайтыны сөзсіз. Себебі онда Еуропа мемлекеттерінен шикізат, құрылыс материалдары қолданылады. Мысалы, Италиядан әкелінген кафель, француз ламинаты секілді материалдар автоматты түрде қымбаттайды. Эконом класстағы үйлер де қымбаттайды, өйткені біз ішкі нарықты әлі толыққанды қамтамасыз етіп тұрған жоқпыз. Сол себепті баға осылайша өсе береді",-деді маман.

Ал жылжымайтын мүлік нарығы бойынша сарапшылардың пікірінше, мемлекет тарапынан тұрғын үй бағасы реттелмегендіктен, баға әлі де шарықтай беретін көрінеді.

Сонымен қатар тұрғын үй жарнамасымен айналысатын интернет желілер де шетелдік. Бағаның өсуіне бұл да айтарлықтай әсер етеді екен.

"Қазір бізде тұрғын үйді жарнамалаумен негізінен ресейлік сайттар айналысады. Елімізде осы саладағы сайттарға жарнама көп беріледі, алайда оның жұмысы қалай реттеліп отырғаны бізге беймәлім. Бағаның оңды-солды ауытқуы осы агрегаторларға да байланысты. Осы уақытқа дейін тұрғын үйге жарнама жасайтын сайт неге жасалмай отыр? Отандық тауарларды өз сайттарымыз арқылы жарнамалауға көшіп, шетелдік агенттіктерге тәуелді болмауымыз керек" ,- деді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1966280-reseige-salyngan-sankciyalar-qazaqstandagy-turgyn-ui-narygyna-qalai-aser-etti/

pixel