Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14 пайызға дейін көтерді

Жарияланған күні:

Ұлттық банк. Фото
Ұлттық банк. Фото: nationalbank.kz

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізде жылдық 14% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Қазақстанның Ұлттық банкінің сайты.

Соған сәйкес, өтімділікті ұсыну тұрғысынан тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15%, ал өтімділікті алу бойынша тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 13% болады.

Базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім геосаяси тәуекелдердің салдарынан инфляциялық қысымның күшеюі, әлемде, сондай-ақ Қазақстанның саудадағы серіктес елдеріндегі бағаның өсуі мен олардың елдегі ішкі бағаға ауысуы жағдайында Ұлттық Банктің инфляцияға қарсы саясат жүргізуге бейілділігін көрсетеді. Үш жыл бойы байқалып отырған оң фискалдық қарқын инфляциялық процестердің маңызды қозғаушы күні болып қала береді.

2022 жылдың наурыз айында жылдық инфляция теңге бағамы әлсіреп, сұраныс көбейгенде және жеткізілім тізбегі бұзылғанда 12%-ға (2022 жылғы ақпанда – 8,7%) дейін қарқын алды. Азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауралар бағасының жылдық өсу қарқыны, сәйкесінше 15,4% (10%) және 10,9% (8,6%) болды. Ақылы қызметтің құны 8,3% (7,1%) өсті. Инфляцияның тұрақты қалыпта үдеуі тауарлар мен қызметтердің кең спектріне бағаның өсуімен сипатталады, бұның өзі 2022 жылғы наурызда базалық инфляцияның айтарлықтай өсуімен расталады.

Инфляцияға қатысты күтулер бір орында тұрақтап қалған емес және ол жоғары құбылмалылықты көрсетуін жалғастырып келеді. 2022 жылдың наурыз айында жүргізілген сауалнама қорытындысы геосаяси ахуалдың нашарлағанын, ұлттық валютаның құнсыздануын көрсететін қоғамдық оптимизмнің төмендеуін және инфляциялық күтулердің айтарлықтай артқанын көрсетеді. Сөйтіп, инфляцияны бір жыл алға сандық бағалау 11,4% құрады.

Фискалды саясат инфляцияға қарсы айтарлықтай қысым көрсетеді. 2022 жылы республикалық бюджеттің шығыны өткен үш жылда орташа өсу қарқыны 16,7% болған кезінде 23,6%-ға өседі. Сақталып отырған оң фискалдық серпін 2022 жылдағыдай 2023 жылы да инфляцияға қарсы қысым көрсетеді. 2022 жылы Ұлттық қордан бюджет тапшылығын қаржыландыруға берілетін трансферт 4,6 трлн теңгені құрайды, салыстырмалы түрде алып қарағанда, пандемия мен жалпы ішкі өнім 2,6%-ға қысқарғанда 2020 жылғы 4,8 трлн теңге бөлінген еді. Республикалық бюджет тапшылығын халықаралық активтермен қаржыландыру валюта бағамын қолдауға, сонымен қатар импортты арттыруға, бәсекеге қабілеттілікті төмендетуге және таза фискалдық позицияны әлсіретуге мүмкіндік береді.

2022 жылдың бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, Қазақстанда экономикалық белсенділік өсімі жылдық мәнде 4,4% болды. Қаңтарда елдің барлық аумағында төтенше жағдай режимі енгізілгендегі өсімнің баяу үрдісі ақпан айынан бастап экономиканың көптеген салаларында жақсы көрсеткіштер байқалды. Жоғары тұтынушылық сұраныс іскерлік белсенділікке біршама қолдау көрсетті. 2022 жылдың наурыз айында бөлшек саудадағы тауар айналымының өсімі жылдық мәнде 3,7%-ға дейін қарқын алды. Үй шаруашылығындағы тұтыну көрсеткіші тұтынушылық несиелеудің және халықтың нақты кірістерінің өсуімен де қолдау тапты.

Экономиканы қолдау үшін дағдарысқа қарсы бағдарламаларды жүзеге асыру арқасында монетарлық факторлар ішкі сұранысты арттыруға сеп болды. 2022 жылдың 1-тоқсанында кредит портфелі 3,9%-ға (2021 жылы өсім 26,5% құраған еді) өсті. 2022 жылдың 1-тоқсанында экономикада жаңа берілген несиелердің көлемі өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда (2021 жылы – өсім көрсеткіші 46,8%) 25,3%-ға өсті.

Дегенмен, 2022 жылдың наурыз айы қорытындысы көрсеткендей, мөлшерлемені көтеру – белгісіздіктің күшеюі мен несие беру шарттарының өзгеруі жағдайында несиелендіру үшін тежеуші фактор болып саналмайды. Келешекте банк секторы экономикалық агенттердің тұтынушыдан жинаққа дейінгі іс-әрекетін қайта құрылымдау моделінен қалыптасып отырған экономикалық, сондай-ақ ықтимал бірігулер мен жойылып кету жағдайларына байланысты өзгерістерге бейімделе береді.

Сыртқы сектор тарапынан проинфляциялық факторлардың күшейе түскені байқалады. БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының баға индексі азық-түрлік тауарларының барлық тобына баға көтерілген тұста 2022 жылдың наурыз айында 1990 жылдан бері рекордтық мәнге жетті. Азық-түліктің әлемдік бағасы 2022 жылы да, 2023 жылы да жоғары деңгейдегі қалпында қалады. Бұның бәрі геосаяси дағдарыстың айналасындағы белгісіздіктің сақталуына, тыңайтқыштарға деген әлемдік бағаның жоғары болуына және жеткізілім тізбегінің үзіліп қалуына байланысты болып отыр.

Әлемдік мұнай нарығына қатысты болжамдар қара алтын бағасының жоғары деңгейде сақталып қала беретінін айшықтап берді. АҚШ энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) бағалауы бойынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерде мұнай запасы наурыз соңында 2,61 млрд баррель болды, бұл көрсеткіш бір ай бұрынғы есепке қарағанда біршама жоғары шықты, бірақ 2014 жылдың сәуірінен бастап минимумдық көрсеткішке жақын. Мұнай нарығындағы шокты есепке алғанда, қара алтын бағасына қатысты болжам халықаралық ұйымдармен едәуір жоғары болды. Олай болса, 2022-2023 жылдары мұнай бағасы орташа есеппен барреліне 90-100 АҚШ доллары арасында қалыптасады.

Азық-түлік пен қуат көзі бағасының айтарлықтай өсуі салдарынан экономикасы дамыған, соның ішінде Қазақстанның негізгі сауда серіктесі саналатын елдерде инфляция айтарлықтай өсті, бұл импортпен келетін инфляцияның өсуіне де әсер етеді.

Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2022 жылы ғаламдық инфляция жоғары қалпын сақтап қалады. Дамыған елдерде инфляция 5,7% (бұған дейінгі баға 3,9%) деңгейінде, дамушы елдерде –  8,7% (бұған дейінгі мәні 5,9%) деңгейінде болады. 2023 жылы әлемдік экономиканың баяу дамитыны және энерготасымалдаушыларға төмен баға белгіленетіні күтіліп отырған жағдайда дамыған елдерде инфляция 2,5%-ға дейін, ал дамушы елдерде 6,5%-ға дейін баяулайды.

Таяу аралықта инфляция үшін негізгі сын-қатерлер экономикада оң серпін болған жағдайда елеулі фискалды қарқынмен, ішкі және сыртқы сұраныспен, азық-түлікке, шикізатқа және дайын өнімге әлемдік бағаның өсуімен, жоғары әрі тұрақсыз инфляциялық күтулермен, жеткізілім тізбегінің бұзылуымен, негізгі сауда серіктес елдерден жоғары инфляцияның импортымен келеді.

Базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешімдерді қабылдау кезінде статистикалық деректер мен "2022 жылғы мамыр-маусым" болжамды раундының нәтижелері негізгі рөлді атқарып шығады. Инфляциялық күтулердің траекториясын, инфляцияның жаңартылған болжамдарын, жиынтық сұраныс пен импортты, сондай-ақ туындауы мүмкін қосымша инфляциялық күйзелістердің қаупін ескере отырып, ақша-кредит шарттарын одан әрі қатайтуға мүмкіндік бар.

2022 жылы 27 сәуірде Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 11:00-де БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының қабылданған шешім қорытындысы бойынша баспасөз брифингі өтеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша жоспарға сай кезекті шешімі 2022 жылы 6 маусымда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 15:00-де жарияланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1966689-ulttyq-bank-bazalyq-molserlemeni-14-paiyzga-deiin-koterdi/