Қазақстанда жақын арада қолжетімді жаңа ипотека пайда болуы мүмкін
Жарияланған күні:
Қазақстанда жақын арада қолжетімді жаңа ипотека пайда болуы мүмкін. Қазір мамандар оның несиелеу механизмі мен шарттарын пысықтауда, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, жаңа ипотеканың операторы - "Қазақстан тұрғын үй компаниясы". Мамандар ипотеканың несиелеу механизмі мен шарттарын әзірлегеннен кейін жобаны бекітуге жібермек.
"Қазір нарықта ипотека 18-19%-бен беріліп жатыр. Біз бағаға талдау жүргіздік және орта тап үшін қолайлы мөлшерлеме 11-12% екенін көріп отырмыз. "7-20-25" аяқталған соң, бұл жаңа бағдарлама ипотекалық несиелендіру нарығына, атап айтқанда, коммерциялық тұрғын үй және нарықтық ипотекаға қолдау білдіру тұрғысынан "7-20-25"-тің өзіндік жалғасы болады", - дейді "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ төрағасының орынбасары Олжас Салықов.
"Қазақстан тұрғын үй компаниясы" бағдарламаға қазірдің өзінде сегіз банк қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Олар жаңа механизмді зерделеп, кейін несие беруді бастауға дайын.
Қолжетімді ипотекалық оператор несие алушының портретін де айқындады. Бұл - отбасының жалпы табысы жарты миллион теңгеге жуық, ай сайын 200 мың төлеуге мүмкіндігі бар орта тап өкілі. Бастапқы жарна 20%.
Ал пәтерді жаңадан салынған үйлерден немесе салынып жатқан жаңа үйлерден ғана алуға болады. Дегенмен несиенің максималды сомасы әлі белгісіз.
Айта кетейік, алдағы төрт жылда билік нарықты қолдауға 1 триллион теңгеден аса қаржы жұмсауды жоспарлап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1967226-zaqynda-qazaqstanda-qolzetimdi-zana-ipoteka-paida-boluy-mumkin/