Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сәуірде Қазақстан арқылы шетелге рекордтық көлемде қаражат аударылған

Жарияланған күні:

теңге
Көрнекі фото: NUR.KZ/ Владимир Третьяков

2022 жылдың сәуірінде Қазақстаннан шетелге рекордтық көлемде қаражат аударылған. Шетелден аударылған ақша көлемі де соған пара-пар. Қазақстандық ақша аудару жүйелері арқылы барлығы қанша қаражат өткені белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазақстандық ақша аудару жүйелері (ААЖ) арқылы рекордттық көлемде қаражат өткен. Бұған DATA HUB Telegram арнасының сарапшылары назар аударған.

Сәуір айында ААЖ арқылы барлығы 103,6 млрд теңге жүріп өткен. Бұл 2017 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Наурыз айымен салыстырғанда жөнелтілген қаражат көлемі 27,7%-ға (22,4 млрд теңге), ал өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда 21,9%-ға (18,6 млрд теңге) артты.

Жыл сайын Қазақстаннан жөнелтілетін ақша көлемі өсіп келеді, сондықтан бұл рекордтық көрсеткішті локигалық тұрғыда түсінуге болады.

Дегенмен, сәуір айында елге түскен ақша көлемінің де күрт өскені байқалды. Бір айда шамамен 52,5 млрд теңге келіп түскен, бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы (57,2 млрд теңге) ақша аударымына сәл ғана жетпейді. Екі есеге дейін өсім байқалған, бұл - рекорд.

Ақша Қазақстаннан қай елдерге кетіп жатыр

Сәуірде барлық бағыт бойынша аударым көлемінің ұлғаюы байқалады. Жалғыз ерекшелік - Қырғызстан. Сәуірде бұл елге небәрі 9,9 млрд теңге жөнелтілген, бұл наурыз айындағы шамадан (16,1 млрд теңге) айтарлықтай аз. Бұған Қырғызстан Ұлттық банкінің доллармен қолма-қол ақша аударуға тыйым салуы себеп болуы мүмкін.

Елден ақша ең жиі жөнелтілген елдер мыналар:

Түркия бірінші орында – бір ай бұрын бұл елге 24,2 млрд теңге жіберілсе, өткен айда 25,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш;

Өзбекстан екінші орында – наурызда 15,7 млрд теңге болса, сәуірде бұл көрсеткіш 24,1 млрд теңгеге тең болған. Сарапшылардың пікірінше, бұл өсім маусымдық ерекшеліктерге байланысты.

Үшінші орында Ресей – наурызда 12,6 млрд теңге қаражат жөнелтілсе, сәуірде бұл шама 16,9 млрд теңгеге жеткен.

Ал төменде аталған елдерге ақша аударымдарының күрт өскені байқалды:

  • Грузияға жөнелтілген қаражат көлемі 2,5 есеге өсіп, 9,6 млрд теңгеге жеткен;
  • Арменияға жіберілген ақша көлемі 6,6 есе өсіп, 4,2 млрд теңгеге дейін барған;
  • Әзірбайжанға аударылған ақша көлемі 23,3%-ға артып, жалпы 1,6 млрд. теңге жөнелтілген.

Армения мен Грузияға аударылған ақша көлемі жаңа тарихи максимумға жеткен.

Тұтастай алғанда, бірінші кезекте трансферттердің саны 167,7 мыңнан 256,3 мың транзакцияға дейін өскен. Бұл ретте аударымдардың орташа сомасы сарапшылардың бағалауынша 483,7 мың теңгеден 404 мың теңгеге дейін азайған. Ең ірі аударымдар Грузияға (шамамен 2,3 млн теңге), ал ең кіші аударымдар Тәжікстанға (118,8 мың теңге) жіберілген.

Сарапшылардың пікірінше, Армения мен Грузияға аударымдар санының өсуі аномалды құбылыс, өйткені 2021 жылдың ақпанына дейін бұл елдер Қазақстанның Ұлттық банкінің статистикасында еленбеген.

Қазақстанға ақша қай елдерден келіп түсуде

Жоғарыда атап өткендей, Қазақстаннан жөнелтілетін ақша аударымдарының көлемі ғана өскен жоқ. 2022 жылдың сәуір айында елге жасалған транзакциялар саны да өсті. Мәселен, Ресей федерациясынан 18,3 миллиард теңге түскен. Бұл наурыз айымен салыстырғанда төрт есе, яғни, 4,6 миллиард теңгеге артық. 2021 жылдың қазанынан 2022 жылдың наурызына дейін Қазақстанға ААЖ арқылы шамамен 18,8 млрд теңге түсті. Бір ғана айдың көрсеткіші соңғы алты айдағы көрсеткіштермен дерлік бірдей.

Бұл құбылысты Visa және MasterCard жүйелерінің Ресейден кетуімен түсіндіруге болады. Осыдан кейін ақша аудару жүйелері Ресейде мүмкін болған ақша аудару тәсілдерінің біріне айналды.

Бірақ бұл транзакциялар санымен бірге олардың мөлшерінің де өскенін білдірмейді.

Трансферттер санының жылдам өсуі АҚШ-тан да байқалды. Бұл елден наурызда 3,7 млрд теңге, ал сәуірде 8,3 млрд. теңге аударым жасалған. Бұл абсолютті рекорд.

Сондай-ақ, Германиядан жасалған ақша аударымдарының өсімі байқалды – ол жақтан 3,3 млрд теңге келіп түскен, бұл наурыздағы көрсеткіштен 76%-ға артық және 2021 жылғы сәуірмен салыстырғанда екі есеге артық.

Сондай-ақ, Түркиядан көп көлемде қаражат жөнелтілген, наурызда бұл елден 475,1 млн теңге келіп түссе, сәуірдегі көрсеткіш 1,9 млрд теңгеге жеткен. Кореядан ақша аударымдары жүйесі арқылы түскен қаражат көлемі де 2019 жылдың тамыз айынан бері ең жоғары көрсеткіш – 5,9 млрд теңгені көрсетті. Сәуірде Қырғызстаннан да рекордтық деңгейде, шамамен бес миллиард теңге ақша түскен.

Қорытындылай келе, DATA HUB сарапшылары атап өткендей, транзакциялар санының өсуін Кореяның визалық шектеулерді алып тастауымен түсіндіруге болады. Трансферттер санының өсуі қазақстандықтардың қайтадан осы елге жұмыс істеу үшін жаппай кете бастағанын білдіреді.

Басқа елдерден жасалған транзакцияларды мамандар қалыпты жағдайдан тыс деп бағалап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1972155-sauirde-qazaqstan-arqyly-setelge-rekordtyq-kolemde-qarazat-audarylgan/