Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жақсы тамақ жеудің өзі - мейрам": Қарапайым қазақстандықтар жазғы демалысқа қанша қаражат жұмсауға дайын

Опубликовано:

жазғы демалыс
Көрнекі фото: pixabay.com

KAZ.NUR.KZ тілшісі әлеуметтік желіде Алматы тұрғындары арасында жазғы еңбек демалысын қалай өткізетіні туралы шағын сауалнама жүргізді. Оның қорытындысына сәйкес, жыл сайын күнкөріс деңгейі артқанымен, қарапайым халық демалысты мүлде жоспарламайтын болып шықты.

Жалпы сауалнамаға қатысушыларға бастапқыда "Жазғы демалысқа қанша қаражат жұмсауға дайынсыз?", "Демалысты қайда өткізуді жоспарлайсыз?" деген сұрақтар қойылды.

Сауалнамаға қатысушылар саны 100-ден асты. Олардың тең жартысы толыққанды демалыс туралы армандамайтынын айтты. Ал 30 пайызы қазақстандық Қапшағай, Алакөл, Ақтау секілді демалыс орындарын атаса, қалғаны Қырғызстан, Түркия, Мысыр сынды шетелдерге шығуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Еліміздің аумағында демалуды жоспарлап қойған қатысушылар бір отбасына 200-300 мың теңге аралығында қаражат жұмсауға дайын екенін айтса, шетелге барып-келуді мақсат еткен отбасылық жұптар 1 миллион теңгеге сай турларды қарастырып жатқанын мәлім етті. Алайда жазғы демалысты арнайы жоспарлап, оған отбасылық бюджеттен ақша бөлетіндер саны некен-саяқ.

Сауалнама тақырыбына орай журналист Гүлжанат Пірімбет өз пікірін білдірді. Оның сөзінше, демалыс туралы басында баспана, астында көлігі бар, жағдайы жақсы отбасылар ойлауы мүмкін, ал қарапайым отбасы демалысты жоспарлау керек екенін білмейді.

"Менің айналамдағы өзім танитын, күнде көріп жүрген қарапайым отбасылар ешқашан демалмайды. Біріншіден, жоспарлау дегенді білмейді. Екіншіден, олардың қаржылық жағдайы төмен. Үшіншіден, олар қазақ болғасын бір үйде бәленбай адам тұрады. Қысқасы, жақсы тамақ жеудің өзі қазір оларға мейрам болып тұр. Алматының аудандарының өзі (табыс деңгейіне қарай) бөлінеді.

Мысалы, Бостандық, Медеу аудандарында тұратын адамдар қазақстандық демалыс орындарын менсінбеуі мүмкін. Табысы жоғары адамдарға демалыс деген тұрақты түрде істелінетін жұмыс секілді. "Демалысқа шығам, мына жаққа барамын" деген сияқты. Ал қарапайым қазақстандықтар демалысқа шықса, құрылыс, үй жөндеу жұмысын бастаймын деген жоспар құрады.

Қандай отбасылар демалады? Өзіне демалыс жариялай алатын адамдардың басында үйі, астында көлігі болу керек. Тұрақты табысы болу керек. Сол кезде ғана адам демалыс туралы ойлай алады. Мысалы Алматының Алатау ауданында тұратын халықтың жартысы демалысты жоспарлайтын шығар, бірақ тек Қазақстан ғана демалуды көздеуі мүмкін. Көбісі бармайды.

Демалысты кинодан ғана көреді. Өтірік деп ойлайды. Алтын орда жақтағылардың көбісі шет аймақтардан келгендер. Оларға соның өзі рахат болып тұр. Қаладамыз, Алматыдамыз, бала-шағамды бағып жатырмын деп, соған шүкірлік етеді", - дейді ол.

Табысы орта деңгейлі алматылықтар жақын жердегі тынығу орындарын таңдап отыр. Көпшілігі тек бір күнге көңіл көтеріп қайтуды жоспарлайды.

"Біз жазда Қапшағайға бара саламыз. Балалар үшін. Бізге жабайы жағажай да болады. Бастысы - таза, әдемі, көлікпен кіру үшін 1000 теңге төлейміз. Тамақ өзімізден", "Өткенде ауыл жаққа барып келдік. Ел ішінде жүргеніміздің өзі қымбатқа шықты. Демалатын адамдар ақшаны қалай жинайды, білмеймін. Түркістанда қайықпен жүру адам басына 4000 теңге, біз барғанда Керуен сарайда бүкіл есік жабық тұрды. Қызмет көрсету деңгейі ұнамады", - дейді сауалнамаға қатысушылар.

Сауалнамада өз уәжін айтқан жандар да табылды.

"Қазақстанда демалғанша, шетелге барамын. Өйткені биыл қазақстандық демалыс орындарында бәрі қымбаттап кеткен. Алакөлдегі демалыс үйі адам басына тәулігіне 60 мың теңге сұрап тұр, бағаға тамағы қосылмаған. Жасалынған жағдайы да көңілімнен шықпады. Есептей келе, шетел дұрыс па дедім", - дейді алматылық тұрғын.

Айта кетейік, биыл сәуірде Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі 13,2 пайызды, бір айда 2 пайызды құрады.

Ұлттық статистика бюросы баспасөз қызметінің мәліметінше, бір жыл ішінде азық-түлік 17,9 пайызға қымбаттаған. Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 11,1 пайызға өскен, ақылы қызметтердің бағасы 8,9 пайызға өскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1973456-zaqsy-tamaq-zeudin-ozi-meiram-qarapaiym-qazaqstandyqtar-zazgy-demalysqa-qansa-qarazat-zumsauga-daiyn/

pixel