Қазақстандықтар қой етіне қарағанда құс етін көп сатып алатын болған

Опубликовано:

Тауық еті
Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Қазақстанда қой етіне қарағанда, құс етіне сұраныс артқан. Осыған орай NUR.KZ тілшілері нарықтағы ет бағасына қатысты зерттеу жасап көрді.

Әлем елдерінде ет түрлеріне байланысты сұраныс әр түрлі. Сарапшылардың пікірінше, тағы бір он жылдан соң, дүниежүзі халқы құс етіне деген сұранысты арттырып, ол ақуыздың бірден бір көзі болады деп отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл ахуал біздің де елге қатысты болмақ.

DATA HUB Telegram-каналының сарапшылары Қазақстанда сиыр және қой етіне деген сұраныстың төмендегенін мәлімдеп отыр. Осылайша 2022 жылдың 4 айында ішкі нарықта ірі қараның 139,9 мың тонна еті сатылымға шыққан. Бұл 2021 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға немесе 4,6 мың тоннаға аз көрсеткіш болып отыр.

Сол сияқты биылғы жылдың алғашқы 4 айында ешкі және қой етінің 40,4 мың тоннасы сатылғаны белгілі болды. Ол былтырғы жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 1,8 мың тоннаға кем немесе 4,3 пайызға төмен көрсеткіш. Бұған қоса шошқа етінің де сатылым көлемі - 8,7 пайызға немесе 2,4 мың тоннаға кем екендігі анықталды.

Сәуір айының қорытындысы бойынша сатылған өнім көлемі 25,2 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар құс еті мен жылқы етіне деген сұраныстың артқаны белгілі болды.

Қазақстан азаматтары 2022 жылдың төрт айында құс етін жиірек сатып алған. Осы орайда құс етін пайдалану көлемі 10,1 пайызға артып, бас-аяғы 129,5 мың тонна өнім сатып алынған. Бұған қоса жылқы етіне деген сұраныс та артқан – жылқы етінің сатылым көлемі 8,6 пайызға артқан.

Инфографика
Инфографика: DATA HUB

Ет бағасы қымбаттауда

Етке деген сұраныстың артуы оның бағасына да әсер еткені анық. Мамандардың пікірінше, Қазақстанда жылқы еті мен (4 айда 36,7 мың тоннаға дейін немесе 7,1 пайызға) құс етін өндіру көлемі артқан (7,3 пайызға немесе 91,2 мың тоннаға дейін).

Сондай-ақ етке деген сұраныстың артуының салдарынан, оның бағасының да өскені байқалады. Мәселен барлық етінен құс етінің бағасы біршама артқаны белгілі болды. Құс етінің бағасы тек бір жылда - 28,8 пайызға, ал жылқы еті - 16,9 пайызға өсті. Жалпы ет бағасы тек бір жылдың ішінде 14,4 пайызға артты.

Құс етіне деген сұраныстың артуының басты себебі – оның қолжетімділігі болып отыр. Себебі құс етін өндіру басқаларға қарағанда арзан әрі жылдам. Десе де құс етіне деген сұраныстың бірден өсуі оның тапшылығына әкеп соқтыруы да әбден мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1975059-qazaqstandyqtar-qoi-etine-qaraganda-qus-etin-kop-satyp-alatyn-bolgan/

jitsu gif