Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда күнбағыс майының бағасы осымен 27 ай қатарынан көтеріліп келеді

Опубликовано:

Көрнекі фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде отандық күнбағыс майы көлемінің артуына қарамастан, өсімдік майының бағасы осымен екінші жыл қатарынан өсіп келеді. Күнбағыс майы бағасының өсуі мен бағаны тұрақтандыруға қатысты мемлекет қандай шара қабылдағанын KAZ.NUR.KZ материалын оқып-біле аласыз.

Қазақстанда соңғы екі жылда күнбағыс майының бағасы үнемі өсіп жатқандығы байқалады. Energyprom сарапшыларының пікірінше, өсімдік майының бағасы осымен 27 ай қатарынан көтеріліп келеді. Елімізде тек бір жыл ішінде күнбағыс майының құны 19,4 пайызға ұлғайған. Ал 2021 жылдың мамыр айындағы бағамен салыстырғанда, майдың биылғы бағасы 52,2 пайызға қымбаттаған.

Инфографика
Инфографика: energyprom.kz

Қазір еліміз бойынша бір литр күнбағыс майының бағасы шамамен 808 теңгені құрап отыр. Өңірлер бойынша ең қымбат баға Атырау облысында тіркелген – 1 литрі 859 теңге. Одан кейінгі орында Алматы (850 теңге) және Ақтау (841 теңге) қалалары тұр.

Өсімдік майының ең төменгі бағасы Семейде (1 литрі 714 теңге), Петропавлда (728 теңге) және Өскеменде (737 теңге) тіркелген.

Инфографика
Инфографика: energyprom.kz

Үкімет май бағасының қымбаттауымен қалай күресуде

Бағаның қымбаттауына қарамастан, Қазақстан өсімдік майы өндірісі көлемін жыл сайын арттырып келеді. Тек биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында май өндірісінің көлемі 197,3 мың тоннаны құраған, бұл былтырғы дәл осындай кезеңмен салыстырғанда 29,6 пайызға артық көрсеткіш.

Инфографика
Инфографика: energyprom.kz

Рафинадталмаған күнбағыс майы көлемінің 78 пайызға жуығы тек бір Шығыс Қазақстанда өндіріледі (102,2 мың тонна). Сол сияқты рафинадталған күнбағыс майының да басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысына тиесілі болып отыр - 28,7 мың тонна. Одан кейінгі орында ел бойынша Шымкент қаласы тұр (22,6 мың тонна).

Нәтижесінде отандық кәсіпорындар 2022 жылдың алғашқы төрт айында (ішкі нарық пен экспорт) күнбағыс майына деген сұранысты 83,5 пайызға (66,3 мың тонна) қамтамасыз етті. Ал импортталған күнбағыс майының көлемі 29,4 мың тоннаны құрады.

Бұл ретте Қазақстан күнбағыс майы көлемін арттырып қана қоймай, оның бағасының тұрақталуына да ден қойып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қантты экспорттауға тыйым салу шарасы сияқты бүгінде күнбағыс майын да экспорттау уақытша тоқтатылған. Ол өсімдік майы бағасының тұрақталуына әрі оның нарықтағы тапшылығы мәселесін шешуге жол ашуы тиіс.

Күнбағыс майын сыртқа сатуға қатысты квота мөлшері биылғы жылдың маусым-тамыз айларында 68 мың тоннаны құрады және бұл көлем жалпы алғанда 6 мың тоннадан аспайтын, бір өтінім берушіге ай сайынғы қолжетімді лимит мөлшерімен ғана беріледі.

Күнбағыс майы Қазақстан үшін қант пен алма сияқты импортқа тәуелді өнім болып табылмайды. Сол себепті аталған шаралар күнбағыс майы бағасының қымбаттауының алдын алып, оны тежеуге мүмкіндік беруі тиіс. Десе де барлығын уақыттың еншісінде қалдырған абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1975567-qazaqstanda-kunbagys-maiynyn-bagasy-osymen-27-ai-qatarynan-koterilip-keledi/

pixel