Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде қанша адам атаулы әлеуметтік көмек алады

Опубликовано:

ақша салынған конверт
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сайтында қазір елімізде қанша адам атаулы әлеуметтік көмек алатынын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) барлығына бірдей төлене бермейді. Оны алу үшін отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табыс өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болуы керек.

Сонымен қатар отбасының жұмысқа қабілетті барлық мүшесі жұмысқа орналасуы немесе жұмыспен қамту жөніндегі шараларға қатысуы тиіс.

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 115,3 мың отбасындағы 592,3 мың адамға АӘК тағайындалған. Атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға кедейліктен шығуға көмектесуге арналғанына қарамастан, оны алушылар саны күннен күнге арта түсуде.

Мәселен, 1 маусымдағы жағдай бойынша көмек алушылар саны 113,9 мың отбасыны құраған, яғни бір айда АӘК алуға мәжбүр отбасылар саны 1,4 мың отбасыға артқан.

Бұдан бөлек АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша АӘК алушылар қатарында 1 жастан 6 жасқа дейінгі 154,9 мың бала бар. Оларға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама берілген.

Айта кетейік, АӘК-тен басқа, балалары бар отбасылар мектепке қажетті барлық нәрсені алуға көмектесетін "Жалпы оқыту" қорының көмегіне үміт арта алады.

Ал АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жер бойынша жұмыспен қамту орталығында, немесе egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1980430-elimizde-qansa-adam-atauly-aleumettik-komek-alady/

pixel