Зейнетақы жинақтарының 2023 жылға белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шегі жарияланды
Жарияланған күні:
Зейнетақы жинақтарының 2023 жылға белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шегі жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) ресми сайтына сілтеме жасап.
БЖЗҚ-ның мәліметінше, 2023 жылға белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шегі жас мөлшеріне байланысты 3-тен 10 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды.
Ведомство кейбір шекті мәндердің өзгеруі оларды есептеу кезінде жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштердің ескерілуімен түсіндіріп отыр.
"2023 жылға ең төменгі жалақы 70 мың теңгені, ең төменгі зейнетақы 53 076 теңгені, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңгені, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрайды деп көзделген. Шекті мәндерді есептеу кезінде ескерілетін басқа да әлеуметтік маңызды көрсеткіштердің де мөлшері көтерілді", - дейді БЖЗҚ өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңда "зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес ай сайынғы зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажетті міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері" деп айқындалған.
ТЖШ есептеу әдістемесі Қазақстан Республикасы үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген (2021 жылғы 6 қаңтардағы өзгерістер мен толықтырулармен).
"Бекітілген әдістемеге сәйкес, ең төменгі жеткілікті шегі әр жас мөлшері үшін жеке анықталады және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуі (индекстелуі) ескереледі.
Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі - бұл салымшының зейнетке шыққаннан кейін ең төменгі базалық зейнетақымен қоса ең төменгі зейнетақыдан кем емес жиынтық төлемдер алуы үшін шотында қалуға тиісті ең төменгі сома", - деп түсіндіріп отыр БЖЗҚ өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1999567-zeinetaqy-zinaqtarynyn-2023-zylga-belgilengen-en-tomengi-zetkiliktilik-segi-zariyalandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.