Биыл тұрғын үй саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін: сарапшылар пікірі
Жарияланған күні:
2023 жылы жылжымайтын мүлік нарығында қандай өзгерістер болады? Тұрғын үй бағасы қымбаттай ма? Жылжымайтын мүлік саласы мен тұрғын үй құнына қатысты өзекті сауалдарға сарапшылар жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Биыл тұрғын үй нарығын қандай өзгерістер күтуде" деген сұраққа экономист Ильдар Шамсутдинов өз болжамын бөлісті.
"Тұрғын үй нарығында ұсыныс пен сұранысты қосымша ынталандыру қажеттілігі болмаса да, ірі ойыншылар "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасын ұзарту үшін лоббизм жасады. Мемлекет қаржысын құю құрылыс салушылардың шоғырлануын арттырады. Бұл тұрғын үй нарығындағы жосықсыз бәсекелестікті күшейтеді деп болжауға болады. Оның салдары тұрғын үй құнының қымбаттауы мен оның сапасының нашарлай түсуіне алып келеді", - дейді Эльдар Шамсутдинов ҚазАқпарат тілшісі сауалына.
Оның болжамынша, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бастапқы тұрғын үй сатылымы жандана түседі.
"Баға құрылыс компанияларының қаржылық жағдайымен байланысты. Егер тұрғын үй салатын компанияларда шұғыл өтімділік қажеттілігі туындаса, онда бастапқы үй бағасы арзандайды. Қолданыстағы тұрғын үйлердің өз нарығы болады. Ұсыныстар көп болып, оның ішінде зейнетақы жинағы арқылы алған тұрғын үйлерде сатылады, баға төмендейді", - дейді экономист.
Эльдар Шамсутдиновтің сөзінше, нарықтағы болжамдар индикативті және көптеген факторға байланысты.
"Мысалы, елімізге ресейліктердің тағы жаңа толқыны келсе, нарықтағы жағдай толығымен өзгереді. Осы тұрғыда мемлекет тұрғын үйді сатып алу және жалға алуды субсидиялаудың жаңа бағдарламасын іске қосуы мүмкін", - дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жылжымайтын мүліктің өзара қоры идеясы әлі де әзірленіп жатқанын айта кетті. Айтуынша, аталған идея жүзеге асса, нарық айтарлықтай өзгеруі мүмкін.
Ал Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненконың пікірінше, тұрғын үй нарығында биыл да өткен жылғы тенденциялар қайталанады.
Сарапшы жылжымайтын мүлік бағасы нарыққа әсер ететін мән-жайлар мен факторларға байланысты екенін атап өтті.
"Мәмілелер саны соңғы жарты жылда қалыптасқан стандартқа сай болады. Айына 35 мың мәміле жасалады, бірнеше кем немесе артық болуы мүмкін. Баға инфляция деңгейіне және нарықты қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға байланысты болады. Егер трендтер туралы айтар болсақ, қайталама жылжымайтын мүлік өсу қарқыны төмендейді. Өйткені, өткен жылы қайталама тұрғын үйдің бағасы жаңа объектілерге қатысты парадоксалды түрде көтерілді", - деді Нина Лукьяненко.
Айта кетейік, еліміздің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2022 жылғы қарашада қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 26,9 пайызға, жаңа тұрғын үй құны 17,3 пайызға өскен. Сол сияқты өткен жылдың қарашасында абаттандырылған тұрғын үйді жалдау ақысы өткен жылмен салыстырғанда 48,6 пайызға артқан.
Өңірлер бойынша жаңа үй Ақтөбеде 30,3 пайызға, Семейде 26,9 пайызға және Ақтауда 25 пайызға қымбаттаған.
Қайталама нарықтағы тұрғын үйдің бағасы бойынша көшбасында Талдықорған (44,6 пайыз), Ақтау (43,3 пайыз), Семей (42,8 пайыз), Ақтөбе (42,4 пайыз), Астана (41,7 пайыз) және Қызылорда (41,2 пайыз) қалалары тұр. Ал тұрғын үйді жалға беру нарығында Алматы (76,6 пайыз), Қарағанды (55,7 пайыз) және Қостанай (54,5 пайыз) қалалары алда тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2003982-biyl-turgyn-ui-salasynda-qandai-ozgerister-boluy-mumkin-sarapsylar-pikiri/