Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық қордан балалардың шотына аударылатын қаржыға салық салына ма: экономика министрі жауап берді

Опубликовано:

балалар
Ойнап отырған балалар. Көрнекі фото: pexels.com

Ұлттық қордан балалардың шотына аударылатын қаржыға салық салынбайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үкімет кулуарында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің сөзінше, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы 2024 жылдан бастап іске асырылады. Бала 18 жасқа толғанға дейін арнайы шотына Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы түсіп тұрады. Бүгінде министрліктің есебі бойынша жобаға 6,5 млн бала қатысады.

"Егер Ұлттық қордың инвестициялық кірісі теріс мәнде қалыптасса, не болады? Біз осы мәселені де талқыладық. Сол себепті біз тек бір жылдың ғана кірісін алмаймыз. 18 жылдағы орташа жылдық табысты аламыз. Өйткені ол әрқашан оң мәнде қалыптасады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін алатын ақшаға салық салынбайды", - дейді Әлібек Қуантыров үкімет кулуарында.

Сонымен қатар министр егер бала 18 жасқа дейін азаматтығын өзгертсе, Ұлттық қордың табысынан жиналған қаржысын ала алмайтынын атап өтті. Мұндай жағдайда оның шотындағы қаражат қалған балалар арасында қайта бөлінеді.

"Бала шетелге шыға алады, бұл ретте егер азаматтығын өзгертпесе, ақша сол күйі сақталады. Егер басқа азаматтық алса, онда шотындағы қаржы оған берілмейді", - дейді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2007417-ulttyq-qordan-balalardyn-sotyna-audarylatyn-qarzyga-salyq-salyna-ma-ulttyq-ekonomika-ministri-zauap-berdi/

pixel