Қазақстандықтар биыл қаңтарда зейнетақы шоттарынан алған қаражатты қандай мақсатта жұмсаған
Жарияланған күні:
Қазақстандықтар бұрынғыдай зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделуге немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану үшін ала алады. Осы орайда Data Hub Telegram арнасының сарапшылары қазақстандықтардың 2023 жылдың қаңтарында қаржыны қандай мақсатта алғанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметтеріне сәйкес, биыл қаңтарда зейнетақы жинағынан қаржы алу үшін 5,6 мың өтініш келіп түскен. Нәтижесінде зейнетақы жинағынан алынған жалпы сома 10,4 млрд теңгені құраған.
2022 жылдың қаңтар айында бұл көрсеткіш 76,2 млрд теңгені құраған. Ол кезде зейнетақы жинағынан қаржы алу үшін 50 мың өтініш келіп түскен.
Сарапшылардың пікірінше, биыл салымшылардың көбі тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін қаражат алған. Яғни осы мақсатта 3,2 мың өтініш қанағаттандырылған. Алынған қаражаттың жалпы көлемі 7,3 млрд теңгені құрайды.
Көбінесе ақша тұрғын үй сатып алу мақсатына жұмсалған, яғни 4,2 млрд теңге, ал ипотеканы жабуға – 1,2 млрд теңге, сондай-ақ тұрғын үй депозитін толықтыруға – 1,1 млрд теңге жұмсалған.
Қалған соманың барлығы дерлік емделуге жұмсалған. Яғни бұл мақсат үшін 2,4 мың өтініш қанағаттандырылып, зейнетақы жинағынан 3,1 млрд теңге алынған.
Ал 23 қазақстандық өз ақшасын жеке инвестициялық портфельді басқарушыға (ИФБ) аударуға шешім қабылдаған, яғни ИФБ-ға аударылған соманың көлемі – 33 миллион теңгені құраған.
Сарапшылардың пайымынша, БЖЗҚ-дан қаражат алу көлемінің азаюы – ең төменгі жеткіліктілік шектерінің кезекті артуына байланысты болуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2007962-qazaqstandyqtar-biyl-qantarda-zeinetaqy-sottarynan-algan-qarazatty-qandai-maqsatta-zumsagan/