Еліміздің кей аймағында азық-түлік тауарларының бағасы 30 пайызға қымбаттаған
Жарияланған күні:
Қазақстанда инфляция рекордтық көрсеткішке жетті, баға әр аймақта әр түрлі деңгейде өскен. Еліміздің қай өңірінде тауарлар мен қызметтер бағасы қымбаттағаны жөнінде статистикалық мәліметтер Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланды.
Ұлттық банк жариялаған статистика бойынша 2023 жылғы қаңтарда жылдық инфляция 20,7%-ды құрады (2022 жылғы желтоқсанда - 20,3%). Азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 25,7%-ға (2022 жылғы желтоқсанда - 25,3%), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 20,2%-ға (2022 жылғы желтоқсанда - 19,4%), ақылы қызмет көрсету бағасы 14,2%-ға (2022 жылғы желтоқсанда 14,1%) өсті.
Жылдық инфляция 19 өңірде көтеріліп, бір ғана өңірде (Қарағанды облысы) төмендеген, тоғыз аймақта жалпы республикалық деңгейден жоғары болды. Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Маңғыстау облысында (24,1%), Астана қаласы (23,8%) мен Ақмола облысында (21,8%) тіркелді.
Қазақстанның кейбір аймақтарында азық-түлік тауарлары бағасы айтарлықтай өскен. Нақтылай кетсек, азық-түлік Маңғыстау облысы (31,5%), Түркістан (27,4%) облысы, Шымкент қаласы (27,2%), Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында (26,7%-дан), Ақтөбе (26,5%), Павлодар (26,3%), Жамбыл және Қостанай облыстарында (26,1%-дан), сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында (25,8%) қымбаттады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар да 20,2%-ға қымбаттаған. Баға Астана қаласында (31,7%), Шығыс Қазақстан (21,8%), Түркістан (21,0%), Солтүстік Қазақстан (20,9%) және Абай (20,6%) облыстарында өсті.
Ақылы қызмет көрсету бағасы 14,2%-ға өскен. Ақмола (18,4%), Маңғыстау (18,3%), Ұлытау (16,5%) облыстарында, Алматы қаласында (15,7%), Қарағанды (15,5%), Солтүстік Қазақстан (15,3%), Абай (15,0%), Батыс Қазақстан (14,8%), Жетісу (14,5%) және Шығыс Қазақстан (14,3%) облыстарында жалпы республикалық деңгейден жоғары өсім байқалады.
2023 жылғы қаңтарда елдегі айлық инфляцияның өсуі 1,1%-ды құрады. Бұл соңғы 5 жылдың (2018-2022 жылдары: 0,6%) қаңтар айындағы инфляциясының орташа мәнінен біршама жоғары.
Барлық өңірде 2023 жылғы қаңтарда баға өсімі орташа тарихи нормасынан жоғары болды. Айлық инфляцияның ең жоғары мәні Ақтөбе облысында (1,7%) тіркелді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2009819-elimizdin-kei-aimaqtarynda-azyq-tulik-tauarlarynyn-bagasy-30-paiyzga-qymbattagan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.