Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Экономист: Теңгенің бұл жолғы нығаюы - уақытша құбылыс

Опубликовано:

Теңге және доллар
Теңге және доллар. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Теңгенің бұл жолғы нығаюы - уақытша құбылыс. Бұл туралы экономист Асылбек Күздеубаев ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Теңге бағамының күрт нығаюына байланысты пікір білдірген маманның сөзінше, теңге бағамының бұл жолғы нығаюы - жылда қайталанатын құбылыс.

"Теңге бағамының қазіргі нығаюының бірден-бір себебін ғана айта аламыз. Бұл салық төлемдері қорытындыланатын кезеңмен тікелей байланысты. Яғни, қазір қаржы операцияларының бәрі теңгемен айналып жатыр. Сондықтан бұл теңгенің нығаюына негізгі фактор болып отыр. Алдағы бір ай көлемінде теңгенің қайтадан құнсыздану процесін күтуге болады", - дейді сарапшы сұхбатында.

Сондай-ақ экономист теңгенің бұл жолғы нығаюы қысқа мерзімді құбылыс болғандықтан, инфляцияға әсері шамалы болатынын айтады.

"Теңге бағамының қысқа мерзімді нығаюына байланысты көп көлемде шетелдік валюта сатып алу аса тиімді емес. Өйткені алдағы уақытта теңгенің құнсыздануы әлі де жалғасуы мүмкін. Бізде теңге құнсызданып, доллар бағамы өскен сайын, ішкі нарықтағы баға шарықтап өседі.

Алайда теңге бағамы нығайған сыңай танытқан кезде, неге екені белгісіз, нарықтағы баға төмендемейді. Мысалға тұрғын үй бағасын, азық-түлік бағасын алып қарауға болады. Азық-түлік бағасы алдағы уақытта түсуі мүмкін. Бірақ ол жаздың аяғы мен күздің басында болады", - дейді Асылбек Күздеубаев.

Экономистің айтуынша, күзде азық-түліктің арзандауы бұл жолғы теңгенің нығаюымен байланысты болмайды.

"Күзге қарай бау-бақша өнімдері мен егіс дақылдарының ұсынысы артады. Сәйкесінше бұл бағаның түсуіне әсер етеді. Мұндай құбылыс жылда қайталанады", - дейді сарапшы.

2 наурызда Қазақстандағы ақша айырбастау пункттерінде доллар бағамы бірден 6 теңгеге төмендеді.

Бүгін де Қазақстанның ақша айырбастау пункттерінде доллар әлі де арзандай түсуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2011669-ekonomist-tengenin-bul-zolgy-nygayuy-uaqytsa-qubylys/

pixel