Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болған жағдайда ертерек зейнетке шығудың жолы қандай

Опубликовано:

Ақшасын санап отырған ер адам
Ақшасын санап отырған ер адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстандықтар зейнет жасына жетпей тұрып зейнетақы жинақтарын алуға өтініш бере алады. Бірақ ол үшін зейнетақы жинақтары көп болуы керек. Ал аз болған жағдайда не істеу керек екенін KAZ.NUR.KZ журналистері анықтауға тырысты.

Зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығу үшін, яғни өмір бойғы зейнетақыны ертерек ала бастау үшін қазақстандықтар сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті бойынша шарт жасасу керек.

Бұл келісімшартты заңмен белгіленген зейнеткерлік жасқа дейін сегіз жыл қалғанда жасай беруге болады. Яғни сақтандыру зейнетақысына ерлер 55 жаста, ал әйелдер 53 жаста өтініш бере алады.

Бірақ ол үшін сақтандыру компаниясына болашақ зейнеткер өз зейнетақы жинақтарын аударуы керек, оның ең төменгі сомасы ерлерде шамамен 8 миллион теңге, ал әйелдерде – 10,5 млн теңге болуға тиіс.

Егер зейнетақы жинақтары жетпей жатса, сіз бірлескен аннуитет келісімшартын жасаса аласыз. Бұған қатысты барлық талапты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) ресми сайтында жария етілген мәліметтерден толығырақ біле аласыз.

Бірлескен аннуитетке кім өтініш бере алады

Бірлескен зейнетақы аннуитеті – ерлі-зайыптылар немесе бір-біріне жақын туыс болып келетін әрі сақтандыру құжатын рәсімдеген екі азаматтың шартқа қатысуын көздейтін сақтандыру өнімі.

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аннуитетке ата-аналар (асырап алушыларды қоса алғанда), балалар (асырап алынғандарды қоса алғанда), туған ағайындылар мен апалы-сіңілілер және бір әкеден немесе бір анадан туған ағайындылар мен апалы-сіңілілер, ата-әжелер мен немерелер өтініш бере алады.

Ортақ отбасылық аннуитет ерлі-зайыптылардың немесе екі туыстың зейнетақы жинақтарын біріктіріп, әрқайсысына төлемдерді рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинақтары аз болса, ал жұбайының зейнетақы қоры екі адамға арналған аннуитет құнын өтеуге жеткілікті болса, онда ерлі-зайыптылар зейнетақы жинақтарын біріктіре алады.

Осылайша бірлескен аннуитеттің мақсаты – сақтандыру өнімінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оған қоса өмірді сақтандыруға арналған төлемдерді ұсына отырып, зейнетақысы төмен әйелдердің гендерлік мәселесін ішінара шешуді көздейді.

Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болған жағдайда екіншісі келісімшартқа сай уақытылы жеке төлемдерін алуды жалғастырады.

Табиғатта демалып отырған зейнеткерлер
Зейнеткерлер. Көрнекі сурет: Pixabay.com

Зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарттың күшін жоюға бола ма

БЖЗҚ сондай-ақ зейнетақы жинақтары салымшының меншігі саналатынын және салымшы жеке мақсаттары мен қажеттіліктеріне қарай зейнетақы төлемдерін алу түрін өзі таңдауға құқылы екенін еске салды. Оған қоса салымшының құқықтары күн санап толыға түсуде.

Мысалы, өткен жылдан бастап зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарты бар азаматтардың құқығы кеңейтілді. Нақтырақ айтсақ, салымшы келісімшарт жасасқан күннен бастап кемінде екі жылдан кейін сақтандыру ұйымына жүгініп, келісімшарт талаптарына өзгеріс енгізе алады, оның ішінде төлем көлемін азайтып, БЖЗҚ-ға ақшаны қайтару туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.

Яғни зейнетақы аннуитеті шартын толығымен бұзып, сақтандыру компаниясына аударылған ақшаның барлығын БЖЗҚ-ға қайтару мүмкін емес. Алайда төлемдеріңізді азайта отырып, оны қайта жауып, зейнеткерлік қорыңызда қалған балансты қайтадан БЖЗҚ-ға аудара аласыз.

Айта кетелік, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалған зейнетақы жинақтарын қазақстандықтар жеткіліктілік шегіне қарамастан басқа да түрлі мақсаттарға пайдалана алады.

Сондай-ақ осы жинақтар есебінен заңды түрде зейнеткерлікке шыққаннан кейін, салымшы сақтандыру төлемдерінен бөлек, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Яғни салымшының мемлекеттік зейнетақы алу құқығы да сақталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2013650-zeinetaqy-zinaqtary-zetkiliksiz-bolgan-zagdaida-erterek-zeinetke-sygudyn-zoly-qandai/

pixel