Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда жүктілік кезінде және бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер қалай бекітіледі

Жарияланған күні:

Жүктілік кезіндегі әйелдің далада демалып отырған сәті
Жүкті әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жүктіліктің жетінші айынан кейін декреттік демалысқа шығады. Бұл жағдайда оларға қандай әлеуметтік төлемдер берілуге тиіс екені және жәрдемақылар қалай бөлінетіні туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Жүкті болып, нәрестесі туылған жағдайда жұмыс істейтін қазақстандық әйелдер декреттік демалысқа шыға алады. Олар еңбекке жарамсыздық және бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс алуға өтініш беруге құқылы.

Декретке шыққан әйелдер біраз уақытқа табысынан айырылады. Осы орайда бала күтіміне кететін шығындардың орнын толтыру үшін әйелдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қарастырылған екі әлеуметтік төлемге өтініш бере алады:

  1. Босанғанға дейінгі берілетін бір реттік жәрдемақы;
  2. Бір жарым жыл бойы ай сайын төленетін жәрдемақы.

Жүктілікке байланысты әлеуметтік жәрдемақы

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүктілікке және босанғанға байланысты немесе жаңа туған баланы асырап алғандықтан табысынан айырылған жағдайда әйелдерге бір реттік әлеуметтік жәрдемақы қарастырылған. Әлеуметтік жәрдемақы еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген мерзімге дейін беріледі.

Әйелдің жүктілігі қалыпты жағдайда еш қиындықсыз өтсе әрі айы-күні жетіп, өзі босанса, еңбекке жарамсыздық мерзімі 126 күнтізбелік күнге созылады (босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56). Босануы кезінде денсаулығы сыр берген немесе екі не одан да көп бала туған жағдайда – 56 күннің орнына 70 күндік демалыс беріледі. Ал егер әйел жүктіліктің 30 аптасына дейін босанып қалса, онда оған 126 күнтізбелік күннің орнына тек 70 күнтізбелік күннің еңбекке жарамсыздық парағы беріледі.

Әйел мерзімінен ерте босанған жағдайда әлеуметтік жәрдемақы екі есеге аз берілуі мүмкін, өйткені оның мөлшері әйелдің орташа айлық табысын еңбекке жарамсыз болған айларына көбейту арқылы анықталады.

Әлеуметтік жәрдемақының ең жоғары мөлшері жеті ең төменгі жалақыға тең.

Жүкті әйел жарымен бірге
Жүкті әйел мен ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (барлық әйел үшін)

Бұл жәрдемақы мемлекеттік бюджеттен барлық босанған, жұмыс істейтін, сондай-ақ жұмыс істемейтін әйелдерге тағайындалады.

Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшерін мынадай:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға - 38 АЕК;
  • төртінші және одан көп балаға - 63 АЕК құрайды.

Айта кетсек, 2023 жылы АЕК 3 450 теңгені құрайды.

Бала күтімі бойынша әлеуметтік жәрдемақы

Қазақстандық әйел бала туылғаннан кейін нәрестенің күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда да ай сайынғы әлеуметтік төлемге өтініш бере алады. Мұндай төлем нәресте туған күннен бастап бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін болады.

Төлемдер мөлшерін есептеу үшін соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты (әлеуметтік аударымдармен расталады) 24 айға бөлу қажет, содан кейін 0,4-ке көбейтіп, 10% міндетті зейнетақы жарнасын алу қажет.

Egov.kz порталы келтірген мысалға көз жүгіртелік. Бала босанғанға дейін әйел 2 жыл жұмыс істейді, бір жыл ішінде оның еңбекақысы бір рет көтерілді. Бірінші жылы әйел 150 000 теңге алса, екінші жылы 200 000 теңге алған.

Бұл жерде қолайлылық үшін аталмыш сома барлық қажетті аударымды шегере отырып алынған сома деп санайық (зейнетақы жарналары, табыс салығы және т.б.).

Жалпы табысты санаймыз:

12*150 000+12*200 000=1 800 000 + 2 400 000= 4 200 000 теңге

Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 4 200 000/24= 175 000 теңге

175 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері.

Баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін осы көрсеткішті 0,4 коэффициентіне көбейтіп, 10% зейнетақы жарналарын шегеру керек, яғни:

175 000*0,4 = 70 000 теңге, 10% шегергенде босанған әйел ай сайын 63 000 теңгені алады.

БЖТ төлеушілері де бала күтімі бойынша әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Бөлінетін әлеуметтік жәрдемақылардан міндетті зейнетақы жарналары да ұсталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2014648-qazaqstanda-zuktilik-kezinde-zane-bala-kutimi-boiynsa-aleumettik-tolemder-qalai-bekitiledi/