Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қанша қазақстандық отбасы АӘК көмегімен кедейліктің құрсауынан арылды

Опубликовано:

Ақша санап отырған әйел
Ақша. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс деңгейі төмен отбасыларды қолдауға арналған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қанша қазақстандық отбасы АӘК көмегімен кедейліктің құрсауынан арылғаны жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беруге құқылы. Бірақ оған өтініш беру үшін отбасы екі шартқа сай болуы керек:

  • отбасының жан басына шаққандағы табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспау керек (шарттарға сай болған жағдайда әр отбасы мүшесіне ай сайын 12 160 теңге бөлінеді);
  • барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмысы болуы керек немесе жұмыспен қамту шараларына қатысуға тиіс.

Атаулы әлеуметтік көмектің басты мақсаты күнкөріс деңгейі төмен отбасыны қамтамасыз ету емес, оны қолдау екенін айта кеткен жөн. Яғни АӘК қиын жағдайға тап болған отбасына кедейліктен арылуға ғана көмектеседі.

АӘК-тің пайдасы бар ма

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы 198,4 мыңға жуық отбасы АӘК алған. Нәтижесінде 51,4 мың отбасы кедейліктен арыла алды.

2022 жылы АӘК алушылардың саны 141,5 мың отбасыны немесе шамамен 728,7 мың адамды құрады. Оның ішінде 94 142 отбасы мемлекеттік қолдаудың арқасында кедейліктің құрсауынан шыққан болатын.

2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша елімізде 84,7 мың отбасыдан 444,9 мыңға жуық адам АӘК алған. Дәлірек айтсақ, күнкөріс деңгейі төмен отбасылардың саны жыл санап азаюда.

Әмияндағы тиындар
Ақша салынған әмиян. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қай қалаларда АӘК алғандар көп

Өңірлік тұрғыдан алсақ, өткен жылдың соңында АӘК алғандардың ең көп саны Түркістан облысында тіркелді – 34,9 мың отбасы немесе 24,7%.

Шымкентте 16,5 мың отбасы не 11,7%, Қызылордада болса 12,1 мың отбасы АӘК алған.

Күнкөріс деңгейі төмен отбасылардың ең көп саны Алматы (10,7 мың немесе 7,5%), Жамбыл (9,2 мың немесе 6,5%) және Жетісу (8 мың немесе 5,6%) облыстарында тіркелген.

Айта кетейік, АӘК алғандардың басым бөлігі — балалар. 2022 жылы олардың саны 468,1 мыңға жетті, бұл қаржылық қолдауды қажет ететін азаматтардың жалпы санының шамамен 64,2%-ын құрайды.

1 жастан 6 жасқа дейінгі әр бала 1,5 АЕК (5 175 теңге) көлемінде қосымша материалдық көмек алуға құқылы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2015246-qansa-qazaqstandyq-otbasy-aak-komegimen-kedeiliktin-qursauynan-aryldy/

pixel