Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мерзімі өткен бір ғана несиесі бар қазақстандықтар банкроттыққа өтініш бере ала ма

Опубликовано:

Соңғы ақшасын санап отырған әйел адам
Ақша санап отырған әйел адам. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

FinGramota порталы мерзімі өткен бір ғана несиесі бар қарыз алушылар банкроттыққа өтініш бере ала ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Еске салсақ, 2023 жылдың 3 наурызында "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы" Қазақстан Республикасының заңы күшіне енген болатын.

Қаржылық сауаттылық жобасының мамандары бұл заңға қатысты сұхбат беріп, елдің көкейіндегі сұрақтарға жауап қатты. "Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының" (ҚҚҚ) құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Назар Рахимов аталған заң нормаларында борышкерлердің де, кредиторлардың да мүдделері ескерілетінін айтты. Осылайша екі тараптың да мүддесі назардан тыс қалмайды.

Заң нормалары борышкерлерді тек банктер мен микроқаржы ұйымдарының ғана емес, басқа да кредиторлардың алдындағы қаржылық міндеттемелерінен босатуға бағытталған.

Қазақстандықтар қандай процедуралардан өтуге тиіс?

Ең алдымен соттан тыс банкроттық рәсімі аясында азаматтар банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге берешегін өтеу туралы өтініш бере алады.

Ол процедураны мүлдем мүлкі жоқ адамдар пайдалана алады, ал олардың жалпы несиелік міндеттемелері 1600 айлық есептік көрсеткіштен немесе 5 520 000 теңгеден аспауға тиіс (АЕК – 3450 теңге).

Екінші процедура – ​​сот банкроттығы. Оған несиесі 1600 АЕК-тен асатын және басқа кредиторлар алдындағы міндеттемелері бар борышкерлер қатыса алады. Бұл процедураға жеке мен ортақ меншіктегі мүлкі бар адамдар жүгіне алады.

Соңғы ақшасын санап отырған әйел адам
Ақша санап отырған әйел адам. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Үшінші процедура – "төлем қабілеттілігін қалпына келтіру" үдерісі. Ол процедурадан өткен борышкер банкроттыққа ұшыраған деп танылмайды. Бұл мүмкіндікті жалпы қарыз мөлшері мүлкінің құнынан аспайтын борышкерлер пайдалана алады.

Қазақстан азаматтары Электрондық үкімет порталы арқылы соттан тыс тәртіпте банкроттық процедураға өтініш бере алады, ал басқа процедуралар бойынша тіркелген жеріне байланысты сотқа жүгіне алады.

Еске сала кетейік, банкроттық туралы өтініш бермес бұрын, қарызды реттеу шараларынан өту керек.

Қандай жағдайда банкроттық статусы берілмей қоюы мүмкін?

Міндетті шарттардың бірі – азамат 12 ай қатарынан ешбір қарыздық міндеттемесін өтемеген болуға тиіс.

"Бір банкте несиені төлеп, екіншісінде 12 ай бойы төлемеуге болмайды. Бұл бәрібір заңбұзушылық болып саналады және банкроттық бойынша берілген өтініш қабылданбайды", деп түсіндірді Рахимов.

Демек Қазақстан азаматында несие түріндегі бір ғана қарызы болса және мерзімі өтіп кетсе, банкротқа ұшырады деп санала алады. Ал егер оның мойнында бірнеше несиесі бола тұра, тек біреуін ғана ұзақ уақыт бойы төлемей жүрсе, онда банкроттыққа ұшырау процедурасына берілген өтініш қабылданбауы мүмкін.

Сонымен қатар ҚҚҚ өкілі заңға сәйкес қарыз алушы өз міндеттемелерін дұрыс орындауды тоқтатқаннан бастап 18 ай өтуге тиіс дейді. Бұл уақыт айыппұлдарды реттеу жұмыстарын жүргізу үшін белгіленген.

Ал егер банкроттық туралы алғаш рет берілген өтініш қабылданбаса, борышкер өтінішін 3 айдан кейін ғана қайтадан бере алады.

Бірақ бұл қадамға бармас бұрын алдымен барлық салдарын ескеру қажет.

Жинақтаған қаражатын санап отырған әйел
Жиналған қаражатын санап отырған әйел. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Банкроттықтың салдары қандай?

"Назар аударыңыз, бұл мемлекеттің "несие амнистиясы" емес – банкроттық туралы заң мұндай мақсаттарды көздемейді.

Банкроттықты азаматтар мәжбүрлі шара ретінде қарастыруы керек. Банкроттықты тек барлық шара қарастырылып, басқа амал қалмаған кезде, борышкер шынымен де қарыздық жүктемесін азайта алмайтын кезде қолдануға болады", деп ескертеді сарапшы Назар Рахимов.

Сондай-ақ Назар Рахимов банкроттықты ешбір жағдайда жауапкершіліктен құтылу мүмкіндігі ретінде қарастыруға болмайтынын айтты. Егер мүлікті жасыру сияқты факт анықталса, борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, банкроттық процедуралар тоқтатылады.

Оған қоса банкрот деп танылғандар бес жыл бойы несие ала алмайды. Тіпті банкроттық мерзім аяқталғаннан кейін де бұрынғы борышкерлер кредиторлардың назарында болуы мүмкін.

ҚҚҚ құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Назар Рахимов та азаматтардың несие алуға аса жауапкершілікпен қарап, табыстарын есепке алуға және қаржылық "қауіпсіздік жастығы болуын" қамтамасыз етуге кеңес беріп, қарызды уақытылы төлеп отырған абзал екенін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2015312-merzimi-otken-bir-gana-nesiesi-bar-qazaqstandyqtar-bankrottyqqa-otinis-bere-ala-ma/

pixel