Банкроттыққа өтініш бергісі келетін қазақстандықтарды алаяқтар қалай алдайды
Жарияланған күні:
Банкроттық туралы заң қабылданғалы Қазақстанда банкроттық мәртебесін алу бойынша күмәнді қызметтерді ұсынатын "көмекшілер" пайда бола бастады. FinGramota порталы алаяқтардың өзгелерді қалай алдайтыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Шамамен бір ай бұрын Қазақстанда банкроттық туралы заң күшіне енген болатын. Енді Қазақстан азаматында қарызын өтеу мүмкіндігі болмаса, келесі процедуралардың бірінен өте алады:
- сотқа дейінгі банкроттық;
- сот банкроттығы;
- төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасы.
Бұл процедураның әрқайсысында өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Алаяқтар болса процедураның қиындығын пайдалана отырып, ақылы түрде қазақстандықтарға қажетті процедуралардан өту бойынша көмектесуге уәде береді.
Алаяқтар аңқау азаматтардың қалтасына қол сұғу үшін көбіне өтірік айтуға да дайын.
Егер өз бетіңізше өтініш берсеңіз, ол қабылдана ма?
Сарапшылардың айтуынша, соттан тыс банкроттық рәсімінен өтуді жоспарлаған адамдарды кей алаяқ "көмекшілер" қорқытып жатады. Олар мемлекеттік органдарға өтініштерді дайындау және жіберу қызметін ұсынады, ал өз бетінше жіберілген өтініш тіпті қарастырылмайды деп көндіруге тырысады.
Негізі бұл — жалған сөз. Қазақстан азаматтары соттан тыс банкроттық процедурасына өз бетінше тегін түрде жүгіне алады. Ал келесі шарттар орындалса, мұны онлайн арқылы да жасауға болады:
- кредиторлар алдындағы берешегі 1 600 АЕК-тен (5 520 000 теңге) аспауы керек;
- борышкердің жеке және ортақ меншіктегі мүлкі болмауы керек;
- өтініш бермес бұрын азамат 12 ай қатарынан ешбір қарыздық міндеттемесін өтемеген болуға тиіс;
- борышкер қарызды реттеу процедурасынан өтуі керек.
Айта кетейік, егер борышкер өтініш берген күні 5 жылдан астам қарызы өтелмегені анықталса, онда жоғарыда аталған шарттардың оған қатысы болмайды.
Сот банкроттығы процедурасынан өткеннен кейін өтініш берушінің жеке мүлкі сақтала ма?
Кейбір "көмекшілер" сот банкроттығын жариялағысы келетін қазақстандықтарды процедурадан өткеннен кейін азаматтың мүлкін сақтайтынына уәде береді. Алайда бұл да жалған, себебі бұл процедура кезінде борышкердің барлық мүлкі аукцион арқылы сатылатыны ресми түрде мәлімделген.
"Делдалдар" қарыз алушыларға жиі ақылы түрде сот арқылы барлық қарызын есептен шығарып, мүлкі мен ақшасын үнемдеуге уәде береді. Бұл мүмкін емес.
Осылайша қазақстандықтар алаяқтарға сеніп, ақшасынан айырылып қалады. Ал сот банкроттығы процедурасы ақылы – 1 ең төменгі жалақы (2023 жылы 70 мың теңге). Бұл сома бүкіл процедураны жүргізетін қаржы менеджерінің қызметін төлеуге жұмсалады.
Қарызды реттеу жұмыстарын жүргізу қиын ба?
Алаяқтар азаматтарға ақылы түрде несиелерді қайта құрылымдау мәселесін шешіп беруді де ұсынады. Негізі бұл процедура айтарлықтай қиын емес. Қазақстандықтар бұл процедурадан өз бетінше өте алады, ал ең бастысы процедурадан тегін өтуге болады. Ол үшін борышкер тек кредиторға хабарласуы керек.
2021 жылдан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары заң бойынша мерзімі өткен берешекті өтеу процедурасы шеңберінде азаматтардың қайта құрылымдау туралы өтініштерін қарауға міндетті.
Алаяқтар үнемі өзгені сан соқтырудың жаңа жолдарын іздеуге тырысады. Еліміздің тұрғындары мүмкін емес нәрсені уәде ететін күмәнді "көмекшілерге" сенуден сақ болғаны жөн.
Ең бастысы банкроттық туралы заңды қарыздық міндеттемеден құтылу мүмкіндігі ретінде қарастыра алмайтыныңызды ұмытпаған абзал. Өйткені мүлікті жасыру сияқты фактісі анықталған жағдайда борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, банкроттық процедуралар тоқтатылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2015540-bankrottyqqa-otinis-bergisi-keletin-qazaqstandyqtardy-alayaqtar-qalai-aldaidy/