Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Туған-туыс, дос-жаран қарызға ақша сұраса не істеу керек: мамандар жауап берді

Опубликовано:

Қалтасына ақша салып жатқан ер адам
Қалтаға салынған ақша. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Кейінгі уақытта кей мамандар туған-туыс, дос-жаранға уақытша қарыз беру дұрыс емес дейді. Статистика бойынша қарызға алынған ақының 50 пайызы иесіне қайтарылмайды екен, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарна тілшісі қарыз беруге қатысты халықтың пікірін сұрап көрген. Сұраққа жауап берушілердің арасында қарызды алған соң ертерек беруге тырысатынын айтқандар да болды. Кей адамдар қарызды алмау және бермеу керек деген пікірде.

"Қарызды бересің-ау, ала алмайсың-ау... Көп адамның бірі менмін ала алмай жүрген", - деп жауап береді қала тұрғыны.

"Бөтен болса, бөтен адамнан сұрауға болады ақшаңды қайтарып бер деп. Ал, туыстардан сұрай алмайсың", - дейді тағы бір тұрғын.

Заңгерлер қарыз алушы жақын туысы, досың болса да ақшаны қай күні қайтаратынын алдын-ала нақтылаған дұрыс дейді. Сондай-ақ заңгер бергеніңнің аз-көбіне қарамастан қағаз жүзінде келісім жасау қажет екенін, бұл жақындар арасындағы араздықтың алдын алатынын атап өтті.

"Соманың көлеміне қарамастан, жәй ғана жазбаша қолхат қарызға алушыдан талап етсе болады. Ол қолхаттың ішінде соманың көлемі, қайтару мезгілі және жеке басын куәландыратын мәліметтер жазылса болады", - дейді адвокат Ерқанат Бейсенов.

Ислам дінінде де қарыз алғандағы уәде қағазға түсірілгені абзал екені жазылған. Оның маңыздылығы сонша, адам дүниеден өткеннен кейін, жаназа намазында марқұмның дүниедегі қарызы сұралады дейді діндарлар.

"Қарыз – берсең сауап, алсаң аманат болып жазылатын дүние. Қарыз беруші мен оны алушы өзара қарыз арқылы алыс-беріс болғандығын қағазға түсіріп, жазғаны дұрыс. Қарызды жазу мәселесінде екі адамды куәгер етіп, берілген қарыздың құны мен қайтарылатын уақыты жазылуы қажет", - дейді ҚМДБ өкілдері.

Ал психолог Анар Ибрайымбекованың сөзінше, кейде сұрағанның бәріне бірдей қарыз беретін ақкөңіл адамдар болады. Маман "жоқ" деп айтуға қиналатын адамдар психикасы әлсіз адамдар тобына жатқызады.

"Ақшаның да өзінің энергиясы бар. Егерде біз қарызға көп алатын болсақ, қарызға көп беретін болсақ, біздің ақша энергиямыз азая бастайды. Одан кейін ресурстарымыз азая бастайды. Және де басқа жақтан келетін ақшаның түсуі де азая бастауы мүмкін. Осыны да әр адам ескерген жөн", - дейді психолог Анар Ибрайымбекова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2015649-tugan-tuys-dos-zaran-qaryzga-aqsa-surasa-ne-isteu-kerek-mamandar-zauap-berdi/

pixel