Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарыз мәселесін шешкісі келетін қазақстандықтарды алаяқтар қалай алдайды

Опубликовано:

Карта номерін ноутбукқа теріп отырған әйел
Карта номерін ноутбукқа теріп отырған әйел: Pexels.com

Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасы (ҰҚКП) мерзімі өтіп кеткен қарыз мәселесін реттегісі келген қазақстандықтар алаяқтарға тап болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Еске салсақ, 2022 жылы қазақстандықтардың көпшілігі, дәлірек айтсақ, 55,8 пайыздан астамы түрлі алаяқтарға кезігіп, жалған делдалдық қызметтердің құрбаны болды.

Мысалы, қазақстандықтардың 32,7%-ы фишингке (интернет-алаяқтық), 34,2%-ы вишингке (телефондық алаяқтық), 21,6%-ы қаржы пирамидаларына, ал 11,5%-ы төлем карталарынан ақша алудың заңсыз схемаларына тап болған.

Биыл жылдың басынан бері ҰҚКП несие бойынша мәселелерді шешуге уәде беретін делдал ұсыныстары жиілеп кеткенін айтты. Олар ақылы түрде қарыздарды есептен шығаруға, несие мәселесін реттеуге, мерзімі өткен қарыздар бойынша жаңа мерзім орнатуға немесе несие алуға көмек көрсетуге уәде береді.

Сондай-ақ делдалдар "несие тарихын реттеу", "несиелерді банктер мен микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) деректер базасынан өшіру" және т.б. қызметтерді ұсынады. Әлеуметтік желілерде ондай ұсыныстар көп, бірақ барлығының да мақсаты - қиын жағдайға тап болған аңғал азаматтардың қалтасына қол сұғу.

Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығының (ҚМҚҰҚ) басшысы Ербол Омарханов алаяқтардың қаптап кеткені біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі мәселе деп есептейді.

"МҚҰ айналасында соңғы кездері борышкерлерді микрокредит бойынша қарыздарын төлемеуге шақыратын және жағдайды шешіп беруге, қарызды есептен шығаруға, мерзімін ұзартуға көмектесуге уәде беретін әр түрлі "көмекшілер", "өтірік заңгерлер" және "қаржылық кеңесшілер" пайда бола бастады.

Яғни делдалдар, яғни "көмекшілер" мен "өтірік заңгерлер" адамға үміт беріп, клиенттерімізден өз қызметтері үшін ақы алады", - деді ҚМҚҰҚ басшысы.

Консалтингтік және делдалдық қызметтер нарығына тыйым салу мүмкін емес және әрбір азамат әр түрлі делдалдар мен кеңесшілерге жүгінуге құқылы.

Алайда арам ниетті мамандардың "көмегін" пайдаланған аңқау азаматтар ақшасынан айырылып қалуы мүмкін, ал несие мәселесі шешілмей, сол күйі қалады.

Ұлттық коллекторлар палатасының төрайымы Назгүл Естеусізова қарыз алушылар кейде қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықтан бас тартып, "көмекшілер" мен "өтірік заңгерлердің" құрбанына айналатынын айтты.

"Олардың мақсатты аудиториясы – қарыздан құтулыға күдер үзген азаматтар және банктен немесе МҚҰ-дан несие ала алмайтын адамдар. Әдетте, қарыз алушылар несиені қайтару үшін несие берушімен немесе коллекторлармен келіссөз жүргізгісі келмейді, керісінше, несиелік жүктемеден құтылудың заңсыз жолдарын іздеуге тырысады.

Біз коллекторлық агенттіктердің атынан азаматтарды әлеуметтік желілерде қарыздарды жабуды және түрлі мерзім графигін ұсынатын кез келген көмекшілердің қызметінен үнемі аулақ болуға шақырамыз.

Олар мәселеңізді шешуге көмектеспейді, тек борышкердің онсыз да қиын қаржылық жағдайын қиындатады", - деп түсіндірді ҰПК төрағасы.

Мысалы, егер белгілі бір ұйым немесе жеке тұлға борышкерге несиені есептен шығару немесе несие тарихын тазарту бойынша қызмет ұсынып, несие сомасының 5-10% сұрайтын болса, алаяқтарға сенген азамат ақшасынан айырылуы мүмкін.

Алаяқтарға тап болмау үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде келетін түрлі осыған ұқсас ұсыныстарды елемеу керек және жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеген абзал.

Несие мәселесін шешу үшін борышкер тек несие алынған ұйымға немесе проблемалық несиелермен айналысатын коллекторлық агенттікке хабарласуға тиіс.

Еске сала кетсек, жуырда банкроттыққа өтініш бергісі келетін қазақстандықтарды алаяқтар қалай алдайтыны туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2016275-qaryz-maselesin-seskisi-keletin-qazaqstandyqtardy-alayaqtar-qalai-aldaidy/