Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутаттар әр балаға 70 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындауды ұсынды

Опубликовано:

Ақша ұстаған бала
Ақша ұстаған бала. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Гауһар Танашева әр балаға төленетін бірыңғай жәрдемақының мөлшерін арттыру қажеттігін, көпбалалы аналарға тиісті көмек көрсетілмей жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Отырыста мәжіліс депутаты Гауһар Танашева сауалын "Қазақстан Халық партиясының" депутаттары атынан премьер министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады.

Мәжіліс депутаты Танашеваның айтуынша, әр балаға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет. Ол әр балаға жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс деп санайды.

"Әлеуметтік саладағы негізгі бағыттардың бірі - көпбалалы, толық емес отбасында бала тәрбиелеп отырған, денсаулығында ерекшелігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау. Осындай отбасылардың қолдау деңгейін көтермейінше, мынадай жағымсыз салдарға тап боламыз: бала туудың төмендігі; ажырсаудың ұлғаюы; болашақта еңбек ресурсы тапшылығының ұлғаюы; кедейліктің өсуі", - деді ол.

Сонымен қатар Танашева көпбалалы аналардың көбі жалға берілген бөлмелерде тұратынын, оларға ипотека рәсімдеу мүмкіндігі өте қиын екенін атап өтті.

"Оларды тегін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәжірибесі жоқ. Ипотека рәсімдеудің қолжетімді шарттары қарастырылмаған. Бұндай отбасылар мемлекеттің қандай қолдауына үміт артады? Атаулы әлеуметтік көмекке ме? Объективті түрде қарасақ, оны да нақты көмек деп санауға болмайды", - деді депутат.

Сондай-ақ депуттат әлеуметтік осал топтардың АӘК-ке (атаулы әлеуметтік көмек - ред.) үміткер болуы да қиындық тудыратынын және алдағы уақытта АӘК-ті алып тастап, жаңа реформалар жасауды ұсынды.

"Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды қарастыруды ұсынамыз. Мысалы, төрт балаға берілетін жәрдемақы 280 мың теңге, екі балаға 140 мың теңге. Қазіргі таңда төрт бала үшін берілетін жәрдемақы 55 340 теңге ғана" - деді Танашева.

Бұдан бөлек, депутат халықтың осал топтарына арналған мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы, әлеуметтік көмек жүйесін қайта қарауды сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2016454-deputattar-ar-balaga-70-myn-tenge-koleminde-zardemaqy-tagaiyndaudy-usyndy/

pixel