"Самұрық-Қазына" жыл сайын "Қазақстан халқына" қорына таза табысының кемінде 7 пайызын аударатын болады
Жарияланған күні:
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ жыл сайын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына таза табысының кемінде 7 пайызын аударып отыратын болады. Қаражатты бөлу тәртібін реттейтін ережелер үкімет қаулысымен бекітілді, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.
Қаулыға сәйкес, "Қазақстан халқына" қоры аударылған қаражатты белгіленген мақсатқа бағыттауға тиіс.
Айта кетейік, бүгінде қор алты бағыт бойынша 25-тен астам қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырады. Олардың ішінде медицина, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік қолдау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету салалары бар.
Атап айтқанда:
- науқастарды дәрі-дәрмекпен, жастар мен мүгедектігі бар балаларды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету;
- ауылда негізгі мектептер, ерте араласу орталықтары, аутизммен ауыратын балаларға арналған орталықтарды құру;
- медициналық ұйымдарды заманауи құралдармен жабдықтау;
- ауыл мектептерінің түлектеріне және халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін оқушыларға білім гранттарын ұсыну бағдарламалары бар.
Еске сала кетесек, жыл сайын "Самұрық-Қазына" қорының таза табысының кем дегенде 7 пайызын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына аудару туралы бастаманы мемлекет басшысы "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты халыққа жолдауында айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2016568-samuryq-qazyna-zyl-saiyn-qazaqstan-xalqyna-qoryna-taza-tabysynyn-keminde-7-paiyzyn-audaratyn-bolady/